28 баланың ата-анасы: Ақтөбелік Жетесовтер әулетінің өнегесі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар 28 баланың ата-анасы: Ақтөбелік Жетесовтер әулетінің өнегесі

28 баланың ата-анасы: Ақтөбелік Жетесовтер әулетінің өнегесі

Мерейлі һәм өнерлі отбасы. Ақтөбелік Амангүл мен Өмірхан Жетесовтер өздерінен тараған 4 перзенттен бөлек 24 баланы бауырына басып, шаңырақты шаттыққа бөлеп отыр. Олардың отбасылық «Шашу» ансамблі осы уақытқа дейін әр түрлі байқаулардан 31 гран-при жеңіп алған. Өнер ұжымы отбасы күніне орай ауыл-аймақтарға шығып, концерт қойып жүр.

Бұл үйдегі әр бала кемі екі-үш аспапта еркін ойнайды. 28 баланың 27-і музыкамен кәсіби түрде айналысады. Өмірхан мен Амангүл – өнер адамдары. Перзенттері де ата-аналарының жолын қуған. Қазір бұл үйдің 7 баласы Астанадағы Өнер университетінде, екеуі музыка колледжінде оқиды. Мектеп жасындағы тоғызы әр түрлі үйірмелерге барады. Бесеуі аяқтанып, өз алдына үй болып кеткен. Тағы үшеуі әскер қатарында.

Өмірхан Жетесов, «Шашу» халықтық ансамблінің жетекшісі:

Өнерге деген құштарлығы, өнерге деген ынтасы бөлек балалардың. Бір балам менің оқымаймын, қазір тастаймын десе, мен айттым балаларыма, айналайын, қазірден бастап айтыңдар, мен сендерге еш ренжімеймін, десем айтады, жоқ, әке, сіз мына домбыраны қалай жақсы көресіз, біз де солай болып қалдық деп.

Жетесовтер бүгін Сазды ауылына келіп, өнер көрсетті. Бұл «Шашу» халықтық ансаблінің кіші тобы. Жұртшылық әсіресе, жыршы Темірхан мен жетігенде ойнайтын Жарқынайдың өнеріне ерекше тәнті болды.

 Темірхан Жетесов, оқушы:

Әкем де өнер адамы, анам да әнші, өнер адамы.Соларға қарап, қызықтым. Менің жыр мектебіне қатысқаныма үш жыл болды. Екі дастанды бітірдім. Маған домбыра тартқан ұнайды.

11 ұл мен 17 қыз тәрбиелеп отырған Өмірхан мен Амангүл бақыттың кілті – балада дейді. Олар аяқтанып үлгерген бес перзенттен он немере сүйіп үлгерді. Қазір әскерден келетін және диплом алатын ұл-қыздарын асыға күтіп жүр.

Жақсыбек Кемал


Автор
Редакция
Бөлісу