Елімізде жыл сайын шомылу маусымында 40-қа жуық бала суға кетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Елімізде жыл сайын шомылу маусымында 40-қа жуық бала суға кетеді

Елімізде жыл сайын шомылу маусымында 40-қа жуық бала суға кетеді

Елімізде жыл сайын суға шомылу маусымында 40-қа жуық бала суға кетеді. Бүгінде оңтүстік өңірлерде аптап ыстық басталды. Мәселен, Қызылорда облысы бойынша көпшілік жиі баратын 63 қауіпті суға түсу аумағы бар. Қазір Төтенше жағдайлар департаментімен жабайы шомылу учаскелеріне кезекшілік қойылып, құтқарушылар балалардың қауіпсіздігін бақылауға алған.

Қала іргесіндегі Тасбөгет кенті аумағынан күріштікке құятын үлкен канал өтеді. Ағысы қатты болса да күн ысығанда осында келіп суға түсетіндер көп. Әсіресе, балалар қаумалап жүреді. Жуырда ғана бір оқушы суға кетіп ажал құшты. Сондықтан құтқарушылар елді мекен тұрғындарын балаларын қараусыз қалдырмауды ескертеді.

Пазылбек Нарымбетов, құтқарушы:

Балалар көп жерлерде қараусыз қалып жатыр. Және сол аймақтарда балалар еріксіз суға түсуге кетіп жатыр. Сол себептен кезекшілік ұйымдастырылып,  қазір құтқарушылар барлық жағалауда кезекшілік жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жалпы өңірде суға шомылуға қауіпті 63 орын есепке алынғанымен құтқарушылар соның тек 24 учаскесіне ғана бақылау жүргізуге мүмкіндігі бар. Қалған аумақтарда жергілікті атқарушы билік тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Алайда мамандар қанша ескерткенімен осы мәселеге салғырт қарайтын әкімдіктер бар.

Бекболат Әбдіқадыров, ТЖД бастығының орынбасары:

Жыл сайын Сырдарияда қайғылы оқиғалар тіркеліп жатыр. Көбінесе ол Шиелі мен Қызылорда қаласында. Жергілікті атқарушы органдарға ұсыныс береміз тақтайшаларын қойсын деп, мобильдік бекеттер қойсын деп, ескерту жұмыстарын жүргізсін деп. Тапсырма берілді 25 маусымға дейін кемшіліктерді жою үшін.

Облыс аумағында бүгінде Сырдария өзенінен бөлек, 200-ге жуық үлкенді-кішілі көл болса, соның ішінде тұрғындар үшін 7 ғана суға шомылуға арналған жағажай бар. Су айдындарындағы қайғылы жағдайлардың азаймауына бұл да бірден-бір фактор болып отыр. Сондықтан, арнайы құтқарушылары бар және қауіпсіздік құрал-жабдықтарымен қамтылған шомылу орындарын көбейту керек дейді мамандар.

Әділбек Серікұлы

Автор
Редакция
Бөлісу