Елімізде Face ID жүйесі енгізілгелі жалған деректер азайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Елімізде Face ID жүйесі енгізілгелі жалған деректер азайды

Елімізде Face ID жүйесі енгізілгелі жалған деректер азайды

Ел бойынша дәрігердің қабылдауында болды деген 46 мың жалған дерек анықталған. Салдарынан бюджетке 818 млн теңге шығын келіпті. Денсаулық сақтау министрлігі осы заңсыздықпен күресу үшін барлық емханада Face ID жүйесін енгізді. Бұл заңсыздыққа тосқауыл қоя алды ма? Биометриялық тексеріс қалай жүргізіледі? 

Ақниет Балтанова, тілші:

Қазір бұрынғыша дәрігердің қабылдауына бірден кіре алмаймыз. Себебі әр аймақтық дәрігердің алдында дәл осындай веб-камералар тұр. Осылайша Face ID арқылы сіздің шын мәнінде дәрігердің алдында болғаныңыз дәлелденеді. Ал егер веб-камераға түсуге қарсы болсаңыз, онда цифрлық құжатты ашып, 6 таңбалы кодты айтсаңыз жеткілікті. Жүйеде 6 таңбалы код та, фотосуретте сақталмай, бірден жойылады.

Бұл жүйе ең алдымен тұрғындар үшін қажет. Медициналық сақтандырудағы қаражатыңыз жымқырылмас үшін дәрігердің қабылдауында болғаныңызды дәлелдеген абзал. Бұл жаңашылдықты бастапқыда көп жұрт түсінбегені рас. Бірақ қазір пікір өзгерді. 

Халық түгіл, медицина қызметкерлеріне де цифрландыру тетігін үйрену оңайға соқпады.

Айдана Бауыржанқызы, Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының отбасылық дәрігер:

Бұрындары науқас қабылдауға келген кезде, кейбірі төлқұжаттарын ұмытып кететін және жазылмай келеді. Сол кезде бізге науқастың деректерін анықтау қиынға соғатын. Ал қазір Face ID арқылы деректері автоматты түрде шығып тұрады.

Бас қалада пилоттық жобе ретінде басталған жүйе бүгінде барлық өңірдегі медициналық мекемелерде орнатылған.

Руслан Мадуов, қалалық №3 емхананың бөлім меңгерушісі:

Бұл медициналық сақтандырудың фондына дәлелдеу ретінде керек. Науқастың шын мәнінде қабылдауда болғанын дәлелдейміз. Құжат жағынан бұл дәрігерлерге аса қиындық тудырған жоқ.

Елдегі медициналық мекемелердің 95%-ы интернетпен қамтылған дейді жауапты ведомство өкілдері. Ал ғаламторға қол жеткізе алмай отырған елді мекендер қайтпек?

Әсел Бектұрғанова, ҚР ДСМ Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментінің бас сарапшысы:

Интернеті жоқ елді мекендер бұрынғыша қалыпты жағдайда жүзеге асырылады. Ал интернетке қолжетімділік пайда болғаннан кейін осындай цифрлық механизмдерді енгізу жоспарланып жатыр.

Бүгінде ел бойынша 1826 медициналық ұйымға веб-камералар орнатылды. Жақын арада тағы 500-ге жуық техника сатып алу көзделіп отыр.

Ақниет Балтанова, тілші:

Дәрігерге қаралды деген жалған деректер осы жаңа жүйе енгізілгелі едәуір азайған. Бірақ әлі де мұндайға кезігіп жатсаңыз «Қолдау 24/7» қосымшасына кіріп, шағымдана аласыз. Заңсыздық анықталған жағдайда медицина қызметкеріне айыппұл салады.

Ақниет Балтанова

Автор
Редакция
Бөлісу