Израиль Газа секторына азық-түлік кіргізуге рұқсат етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Израиль Газа секторына азық-түлік кіргізуге рұқсат етті

Израиль Газа секторына азық-түлік кіргізуге рұқсат етті

Израиль Газаға шектеулі гуманитарлық көмек кіргізуге рұқсат ететінін жариялады. Оның мұндай шешім қабылдауына халықаралық қысымның күшеюі себеп.

Израильдің палестиналық анклавқа 10 апта бойы азық-түлік, отын, дәрі-дәрмек кіргізбеуін Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропа елдері, халықаралық көмек агенттіктері қатаң сынады. Сонымен қатар Газадағы 2 миллион адамға төнген ашаршылық қаупіне АҚШ президенті Дональд Трамп пен мемлекеттік хатшы Марко Рубио да алаңдаушылық білдірді.

Болжамдарға қарағанда, соғыс жүріп жатқан секторға бүгін жәрдем тиелген 50 шақты жүк машинасы кіруі керек.

 Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

Газадағы палестиналықтардың жағдайын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ондағы сұмдық ахуал қатыгездіктің шегінен асып кетті. Аштық саясаты халықаралық құқықты келеке етумен тең. Гуманитарлық көмекке қарсы блокада дереу тоқтатылуы керек. Тағы да айтамын, мен ХАМАС-тың 7-ші қазан күнгі зұлым террорлық шабуылдарын ақтап алайын деп тұрған жоқпын. Бірақ сол үшін бүкіл палестиналықтарға қарсы ұжымдық жазалау да ақтауға келмейтін тәсіл.

Айта кетсек, өткен тәулікте Израиль армиясы Газада «Гидеонның күйме арбасы» деген жаяу әскер операциясын бастады. Оның мақсаты – Газаны толық бақылауға алып, «ХАМАСҚА» тойтарыс беру.

Естеріңізге сала кетсек, Газадағы соғыс 2023 жылы қазанның 7-де Израильдің оңтүстігінде 1200-дей адам өлтірілгеннен кейін басталды. Содан бері Израиль қарулы күштері бұл секторда 53 мыңнан астам палестиналықты мерт қылған. Құрбандардың арасында әйелдер мен балалар көп.

Арыстан Рысбек

Автор
Редакция
Бөлісу