Мысырда қаза тапқан қазақстандықтың жақындарына сақтандыру компаниясы өтемақы төлейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Мысырда қаза тапқан қазақстандықтың жақындарына сақтандыру компаниясы өтемақы төлейді

Мысырда қаза тапқан қазақстандықтың жақындарына сақтандыру компаниясы өтемақы төлейді

Мысырда басына жарнама тақтасы құлап қаза тапқан Қазақстан азаматшасының отбасына сақтандыру компаниясы өтемақы төлейді. Мәйітті елге жеткізу, жерлеу және басқа да жұмыстар солардың мойнында. «Туристік Қамқор» қорының басшысы осылай деп отыр. Марқұм Ақмарал Мұқанова ресми туристік агенттік арқылы саяхаттаған. Денсаулығы мен өмірі сақтандырылған. Сол жерде дене жарақатын алған өзге азаматтарға да қаржылай өтемақы төленуі тиіс, - дейді ол.

Инна Рей, «Туристік қамқор» қорының төрайымы:

Бұл мәселемен бірінші кезекте сақтандыру компаниясы айналысады. Ал туристік компания барлық міндеттемелердің орындалуын қадағалауы керек. Сыртқы істер министрлігі де үлкен жұмыс істеуі қажет. Тергеу барысында әуежайдың кінәсі дәлелденіп жатса, олардан да өтемақы талап ету қажет болады.

Жағдайды Мысырдың азаматтық авиация министрілігі мен Қазақстанның Мысырдағы елшілігі өз бақылауына алған. Қазір тиісті тергеу амалдары жүріп жатыр. Ақмарал Мұқанова жылдар бойы құқық қорғау органында жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Мысырдағы демалысқа өзінің 22 жасар ұлымен барған. Әуежайдағы жазатайым оқиға кезінде ол телефон қуаттау үшін орнынан тұрып кеткен.

Венера Ысқақова, марқұмның құрбысы:

Орнынан телефонын қуаттаймын деп тұрып кеткен. Берік деген жалғыз баласы бар. Сол екеуі демалысқа кеткен. Әрқашан күлімдеп жүретін. Бір ренжігенін көрген жоқпын.

Оңғар Алпысбайұлы

Автор
Редакция
Бөлісу