Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде тұңғыш рет айтыс өтті
Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде тұңғыш рет қазақ-қырғыз ақындары арасында достық айтыс өтті. Қос ұлттың ортақ мұрасының Адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгеніне биыл 10 жыл. Шараны Қазақстан мен Қырғызстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілдіктері бірлесіп ұйымдастырған. Және қос елдің Парламент төрағалары қолдау көрсетті. Тарихи айтысқа екі елден 8 айтыскер қатысты. Суырып салма өнерінің майталмандары бір-бірін сөзбен түйремеді. Керісінше, қазақ пен қырғыздың достығын, Франция жауһарларын жырға арқау етті. Жеңімпаздарды анықтау ашық дауыс беру арқылы жүргізілді. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені жерлесіміз Айбек Қалиев пен қырғызстандық Азамат Болгонбаев иемденді. Мәдени мұраны ұлықтауға қосқан үлестері үшін барлық ақындарға арнайы диплом мен сертификаттар табысталды.
Бөрібай Оразымбет, ақын:
Париждің төрінде ЮНЕСКО-ның салтанатты сарайында ақындар бірінен бірі асып, осындай айтыс құрғанының өзі үлкен нәрсе деп ойлаймын. Ата-бабам баспаған жерге келіп, бүкіл айтысты қазақ-қырғыз айтысының арнауын Жамбыл бабам құсап ашып бергеніме, құдайға тән ризамын.
Аманжол Әлтай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Біздің ғасырлар бойы ұлттық құндылығымыз болып табылатын айтыс өнері Еуропаның, Францияның төрінде салтанат құрды. Бауырлас қазақ пенен қырғыз елі, еларалық ақындар айтысын Еуропаның төріндегі қандас бауырларымыз тамашалады. Бұл тарихта алтын әріптермен жазылатын үлкен тарихи оқиға болды деп ойлаймын.
Нұрсұлу Қасым
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
