Газа секторына гуманитарлық көмек тиеген көліктер кіре бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Газа секторына гуманитарлық көмек тиеген көліктер кіре бастады

Газа секторына гуманитарлық көмек тиеген көліктер кіре бастады

Газа секторына үш айдан бері алғаш рет гуманитарлық көмек енгізіле бастады. Бірақ өте шектеулі. Израиль мұндай шешімді палестиналық анклавта мыңдаған адамға ашаршылық қаупі төніп, одақтастарының қысымына ұшырағаннан кейін қабылдап отыр.

Жүк машиналарына азық-түлік, дәрі-дәрмек, отын тиелген. Сонымен қатар соғыстан қираған палестиналық анклавқа балалар тағамы да жеткізілді. Бірақ тым аз. Наурыздың ортасына дейінгі ымыра кезінде Газа күніне шамамен 600 жүк машинасын қабылдағаны белгілі.

Стефан Дюжаррик, БҰҰ Бас хатшысының баспасөз хатшысы:

Төтенше көмек жөніндегі үйлестірушіміз Том Флетчер мәлімдегендей, Израиль үкіметі жәрдемді қайта жандандыруға рұқсат берді. Керем-Шалом пунктінен 9 машинаның өтуіне рұқсат етілген. Бұл теңіздің тамшысындай ғана көмек.

Айта кетсек, Газаға минималдық жәрдем кіргізуге рұқсатты Израиль дүйсенбі күні берді. Израиль мұндай шешімді АҚШ тәрізді одақтастарының да қысымына ұшырағаннан кейін қабылдауға мәжбүр болды.

Газада 2 миллионнан астам адам тұрады. Олардың арасында сан мың адам 11 ай бұрын басталған блокада кесірінен ашаршылыққа душар болып отыр.

Ханан Әд-Дайя, Газа секторының тұрғыны:

Біз соғыстан ғана емес, аштық пен жоқшылықтан зорығайын дедік. Дәл қазір қауіпсіз жер таба алмай жүрміз. Оның үстіне, қызым церебральды паралич. Оны емдейтін жер жоқ. Барлық жерде қауіп-қатер.

Израиль болса, Газаға төнген ашаршылық қаупін растамай отыр. Дегенмен премьер-министр Биньямин Нетаньяху мұндағы гуманитарлық ахуал тіпті қиындамасы үшін жүк машиналарына жол ашқанын айтады. Ал Израиль армиясы жұма күні палестиналық секторда жаяу әскер операциясын бастады. Бұл науқанның мақсаты – Газаны толық бақылауға алып, «Хамасты» әскери және басқару мүмкіндігінен айырып, оның кепілдігіндегі израильдіктерді босату.

Арыстан Рысбек

Автор
Редакция
Бөлісу