Абай облысында мал бағудың тиімді әдістері енгізіле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Абай облысында мал бағудың тиімді әдістері енгізіле бастады

Абай облысында мал бағудың тиімді әдістері енгізіле бастады

Абай облысында асыл тұқымды мал өсіретіндер артып келеді. Әсіресе ірі қараның үлесі басым. Саны көбейген сайын шаруалар түлікті бағудың тиімді әдістеріне көше бастады. Мәселен Екпін ауылында егістік пен жайылымды қоршап, малды бақташысыз бағып отыр.

Ақсуат ауданындағы Екпін ауылының тұрғыны Мәриәш Тыныбаева жер алып, шаруашылық құрғалы 15 жылға жуықтаған. Қазір өңірде асыл тұқымды ақ бас сиыр өсіретін ең ірілерінің біріне айналды. Соңғы жылдары жерді тиімді пайдалана бастады. Қазір егістіктен бөлек 400 гектар жайылымдық алқапты тормен қоршап, мал бағып отыр.

Мәриәш Тыныбаева, қожалық жетекшісі:

Малдың бәрі, міне далада жайылып жүр. Көріп отырсыздар. Осыны қоршадық. 90 процент төл аламыз. Себебі мал еркін өсіп, туғаннан кейін өз-өзімен далада жүре береді. Күйі де жақсы болады малдардың.

Бұл әдісті қазір ауылдағы өзге шаруашылықтар да пайдалана бастады. Соның арқасында шағын ғана Екпін ауылында олардың саны жүзден асқан. Жартысына жуығы асыл тұқымды түлік өсіретіндер.

Мал басының артуы ауылда өзге кәсіптің дамуына сеп болды. Мәселен жас шебер Саят Шаймарданов шаруашылықтарға қажет техникалардың қосалқы бөлшектерін қолдан жасауды кәсіп етіп отыр. Оған қоса мал егуге, таңбалауға қажет шарбақтарды жасап шығара бастаған. Қазір сұраныс артып, ауылдан бөлек өзге өңірлерден де тапсырыс түсіп жатыр.

Саят Шаймарданов, кәсіпкер:

Кәсіпкерлер сұранысқа беріп жатыр бізге. Біз енді қолдан келгенше жасап, қамтысақ па деген ойымыз бар. Ауыл шаруашылығына керекті қосалқы техникаларды жасаймын. Сонымен барлығын қамтамасыз етсем бе деген ойым бар.

Қазір тек Ақсуат ауданының өзінде шаруа қожалықтарының саны 1900-ден асқан. Оның 240-қа жуығы асыл тұқымды түлік бағады. Мемлекеттен беріліп отырған субсидия да қолда барды еселей түсуге үлкен сеп болды дейді мамандар.

Серік Ахметов, Ақсуат ауданының а/ш бөлімінің басшысы:

Мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмектер бар. Халық сол көмектің бәріне қол жеткізуде. Жем-шөбіне, сатып алған жағдайда басқа қожалықтардан шығынын өтеп беруге бөлінуде. Биылғы жылға нақты 2 миллиардтан астам қаржыға Ақсуат ауданы тапсырыс беріп үлгерді.

Қазір Абай облысында ауыл шаруашылығы саласының арқасында 43 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.

Ержан Жақып


Автор
Редакция
Бөлісу