Түркістан облысында егіс алқаптарына ағын су жетпей тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Түркістан облысында егіс алқаптарына ағын су жетпей тұр

Түркістан облысында егіс алқаптарына ағын су жетпей тұр

Түркістан облысында ағын су каналдарын жөндеуге бағытталған ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының құрылысы алты жылдан бері аяқталмай тұр. Салдарынан Мақтаарал, Шардара және Сауран аудандарының шаруалары әлі күнге дейін судан тарығып келеді.

Мақтаарал ауданына қарасты Еңбекші ауылдық округінің шаруалары көктем шықса болды, арықтың басында суға таласады. Егістікті дер кезінде суармаса, еңбек еш кетеді.

Қыпшақбай Әуезов, шаруа:

Арғы басын істеп, бұл жағын істемеген. Қамыс басып жатыр. Ең қиыны - бізге жазда су келмейді. Су жетпегеннен кейін өнім аз. Біреулері мүлдем суармай да, мақтасын теріп алады.

2019 жылы ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасы бойынша аудандағы каналдарды жөндеу басталғанда жұрт қуанып еді. Алайда жұмысты жүрдім-бардым істегендер ақыры оны аяқсыз қалдырды дейді шаруалар.

Оразгелді Асаубаев, шаруа:

Мынау 11-канал, бұған ПУИД-2 бойынша ақша аударылып, істелінген. Бірақ цементтейтін жерді цементтемеген. Лоток ауыстыратын жерді ауыстырмаған. Әр шлюздің қасында гидропост деген болуы керек. Бірақ олардың біреуі де жоқ.

Ал «Қазсушар» мекемесінің өкілі каналдарды жөндеу жұмыстарына 50 млрд теңгеден астам қаржы қаралғанын жеткізді. Алайда жобаны жүзеге асыруы тиіс шетелдік компаниялар істі соңына дейін жеткізбеген. Салдарынан егістіктің көбіне су жетпей қалды. Әзірге жоба қаржының жоқтығынан тоқтап тұр.

Құттыбай Сырбасов, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы Мақтаарал өндірістік бөлімшесінің басшысы:

529 канал жобасы болса, бүгінгі күні әлі бірде-бір канал қабылданған жоқ. Жоба белгісіз себептермен тоқтап тұр. 870 шақырымның бүгінде әлі құрылысы біткен жоқ.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандары пандемияның тұсында қаржы бөлінбеді дейді. Одан кейін құрылыс материалдарының қымбаттауы да қолды байлаған. Енді бастапқы жоба қайта қаралып жатыр.

Төлебай Кенебаев, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі су комитетінің техникалық кеңесшісі:

Қаржыландыру толығымен болса, бес нысанның үшеуін биыл аяқтаймыз деп отыр. Ал қалған екі нысан Қызылқұм және Мақтаарал-2 деген бар, соның құрылысы келесі жылға қалуы мүмкін.

Мақтаарал мен Жетісай, Шардара аудандары ағын суды Өзбекстаннан алады. Ал биыл көрші елден келетін судың көлемі былтырғыдан аз болады деп ескертілді.

Айнұр Әбілқасымқызы


Автор
Редакция
Бөлісу