25 мамырдан бастап заңсыз әкелінген смартфондар бұғатталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар 25 мамырдан бастап заңсыз әкелінген смартфондар бұғатталады

25 мамырдан бастап заңсыз әкелінген смартфондар бұғатталады

Қолданыстағы ұялы телефондардың басым бөлігі көлеңкелі айналыммен елге кірген. Былтыр сатылған смартфондардың 75% заңсыз саудаланған. Салдарынан мемлекет бюджетіне 80 млрд теңге жуық шығын келген. Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков осылай дейді. Қара нарықты қадағалау үшін 25 мамырдан бастап елге заңсыз әкелінген телефондар бұғатталмақ.

Алдағы жексенбіден бастап, елге заңсыз әкелінген телефондар бұғатталады. Қиын жағдайда қалмас үшін кәсіпкерлер құрылғыларды әкелу және жөндеу туралы мәліметтерді міндетті түрде тіркеу керек. Бұл бұған дейін елге кірген, бірақ іске қосылмаған смартфондарға да қатысты. Ал жеке тұлғалар үшін телефондарын тіркеу мерзімі тағы бір айға, яғни 25 маусымға дейін ұзартылды. Ескеретін дүние, биыл наурыздың 25-іне кейін сатып алсаңыз құрылғыны тіркеудің қажеті жоқ.

Дамир Сейсембеков, ҚР ЦДИАӨМ Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы:

Мысалы, сіз ақпанда немесе сәуірде телефон сатып алдыңыз, яки шетелден әкелді делік. Бірақ құрылғыны әлі қосып үлгермеген болсаңыз, 25 маусымға дейін тегін верификациядан, яғни тіркей аласыз. Бір адамға ЖСН арқылы екі құрылғыға дейін тіркеуге болады.

Құрылғыны тіркеу eGov Mobile қосымшасы немесе kz-imei.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Платформалар тек телефонды тіркеу үшін ғана емес, енді сатып алынатын байланыс құралының заңдылығын да анықтауға мүмкіндік береді. Ол үшін imei – кодын жазу жеткілікті.

Азамат Серіктаев, ҚР ЦДИАӨМ Nіркелген байланыс жобаларын дамыту және мониторингілеу басқармасының басшысы:

Егер де сіз 25 мамырға дейін өзіңіздің құрылғыңызды белгілі бір себептермен сәйкестендіру процесінен өткізе алмасаңыз, бұл кезең өткеннен кейін де телефоныңызға келген сілтеме арқылы өтіп, сәйкестендіру процесін кез келген уақытта азаматтар өте алады. Яғни, уақыт бойынша ешқандай шектеу болмайды.

Қазірше смартфондарды заңсыз сатқан кәсіпкерлерге қатысты заңда қандайда бір жауапкершілік қарастырылмаған. Сондықтан телефон аларда тексеріп алған дұрыс дейді мамандар. Алдағы уақытта министрлік онлайн маркетплейстерден де смартфонның imei кодын тексеру мүмкіндігін іске қоспақ.

Серік Жұмабек, тілші:

Ұялы байланыс құрылғысын заңдастыру тәртібі енген 2 ай ішінде 3,5 млн-ға жуық смартфон сәтті тіркелген. Ұлттық статистика бюросы елде 25 млн-нан астам телефон бар деп отыр. Соның шамамен 3,7 миллионы қайталанған IMEI-кодпен тіркелген. Егер телефондар толық заңдастырылса, қара нарық реттеліп, телефон ұрлығы тыйылар, дейді мамандар.

Серік Жұмабек


Автор
Редакция
Бөлісу