Арқалық қаласында қаңырап тұрған нысандар жаппай жөнделе бастады
Арқалық қаласында жылдар бойы қаңырап тұрған көпқабатты үйлер жөнделіп, ел игілігін көре бастады. Кезегін күткен 48 тұрғын биыл баспаналы болды. Бұдан өзге қараусыз қалған өзге әлеуметтік нысандар да жөнделіп жатыр.
Айсұлу Қызбекина, Арқалық тұрғыны:
2025 жылы қаңтар айында пәтерлі болып, өте қуандық. Осы үйде өсіп-өніп отырмыз, көптен күткен үйіміз. Бала-шағамызбен осы үйде енді тек қуаныш болып жатыр. Үйдің іші жарық, жылы.
16 жыл бойы пәтер жалдап келген көпбалалы отбасының енді өз баспанасы бар. Айсұлу Қызбекина секілді 48 адам биыл қуанышқа кенеліп, қоныс тойын тойлады. Жергілікті билік 752 млн теңге қаражат бөліп, көпқабатты үйді қалпына келтірді. Қазір 54 пәтерлі тағы бір нысан жөнделіп жатыр. Ал баспана кезегін күткен әлі 1246 тұрғын бар.
Жанат Құрмашева, Арқалық қаласы әкімдігінің Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:
Арқалық қаласында 1997-2000 жылдарда бос қалған 10 шақты үйдің қазіргі уақытта 3 үй ғана жөндеусіз қалды. Ол үйлерге қазір құжаттар дайындалып жатыр. Алдағы уақытта қаражат бөлінген жағдайда жөндеу жоспарлануда.
Ал 1973 жылы салынған «Мәдениет сарайы» 16 жылдан бері бос тұрды. Әбден тозған ғимаратқа бюджеттен 2023 жылы 1 млрд 99 млн теңге қаражат бөлінді. Екі жылға жоспарланған жоба биыл шілде айында аяқталуы тиіс. Жылу, электр жүйесі тартылып, терезелері түгел ауыстырылды. Қазір тек ішін сылап-әрлеу ғана қалды.
Зәмзәгүл Мергенова, Арқалық қаласы мәдениет сарайының директоры:
Ал енді ғимарат ашылса, 550 көрерменге өнерімізді көрсетіп, көңілінен шығамыз деп ойлаймыз. Сондай-ақ бүгінгі күні осы мәдениет сарайына қарасты жалпы өңір өнерпаздары күрделі жөндеудің аяқталуын асыға күтіп отыр.
Биыл демеушілердің көмегімен балаларға арналған спорт-интернат бой көтермек. Қалалық перзентхана ғимараты да жөнделіп жатыр. Тек жұмысты аяқтау үшін қосымша 422 млн теңге қаражат керек. Ал жақында университет мәртебесіне ие болған ЖОО-на жаңа корпус ашу үшін ескі ғимарат жөнделмек. Жоба құны 1,9 млрд теңге.
Мәдина Нағашыбай
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
