Астанада өтетін халықаралық форумға төрт мыңнан астам адам қатысады
Ертең елордада Астана халықаралық форумы өтеді. Қазір соңғы дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған шара – еліміздің жаһандық диалогқа қосып отырған елеулі үлесінің көрінісі. Бұл – Қазақстан бастамасымен дүниежүзілік өзекті мәселелерді талқылайтын беделді алаң. Форум аясында қандай тақырыптар талқыланады және оған қандай дайындықтар жүріп жатыр?
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Астана халықаралық форумы – Қазақстанның бастамасымен ұйымдастырылатын, жаһандық деңгейдегі ең ауқымды пікірталас алаңы. Бұл форумға әлемнің түкпір-түкпірінен саяси көшбасшылар, сарапшылар, бизнес өкілдері мен халықаралық ұйымдардың басшылары жиналып, қазіргі заманның ең өзекті мәселелерін жан-жақты талқылайды. Биылғы шара үш негізгі бағытты қамтиды. Біріншісі сыртқы саясат пен халықаралық қауіпсіздік. Энергетика және климаттың өзгеруі. Және соңғысы экономика және қаржы.
Сағадат Асансейітова, ҚР Ұлттық Экономика министрлігінің департамент директоры:
Бұл бағыттар Еуропа, Орталық Азия, Таяу шығыс және Африка елдерінен келетін 160-тан астам спикердің қатысуымен 40-қа жуық панельдік сессияларда талқыланады. Форумға 4 мыңнан астам қонақтардың қатысуы жоспарланып отыр. Олардың жартысына жуығы шетелдіктер.
Форум форматы өте кең әрі жан-жақты. Мұнда бірнеше панельдік сессиялар, пікірталастар, бейресми кездесулер өткізіледі. Яғни, шара барысында қатысушылар маңызды мәселелерді тез арада талқылап, шешім қабылдауға мүмкіндік алады. Сондықтан бұл алаңды «достық алаңы» деп те атауға болады.
Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:
Кез келген қоғам ол идеялардың алмасуы барысында дамиды. Мысалы бізге келіп жатқан технологиялар болсын, оның бәрі идея алмасу. Былай айтқанда, бұл Қазақстанның имиджіне де тікелей әсер етеді. Ал біздің имиджіміз бізге келетін туристерге инвестицияға оның бәріне өзінің әсерін тигізеді деп айтуға болады. Кеткен шығыннан берері әлдеқайда мол деп айтуға болады.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Форум кезінде 120-дан астам ерікті қызмет көрсетеді. Олар қатысушыларға кез келген мәселе бойынша көмектесуге әзір. Сондай-ақ мынадай робот еріктілер де бар. Олар сусын және әр панельдік сессия туралы ақпарат таратады.Астана халықаралық форумынан ақпарат тарату үшін 100-ден астам әлемдік деңгейдегі БАҚ өкілдері өтініш білдірген. Қазақстандық және шетелдік журналистердің жұмысын жеңілдету үшін мынадай 250 орындық баспасөз орталығы әзірленген. 150-ге жуық орын мынадай ноутбукпен қамтамасыз етілген. Қазір форумды өткізуге соңғы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әр залдағы жарық пен дыбыстың сапасы, қауіпсіздік шаралары – барлығы мінсіз болуы тиіс. Ең бастысы, шараға бірнеше ел Президенттері, саяси көшбасшылар мен маңызды халықаралық тұлғалардың қатысуына байланысты қауіпсіздік ерекше деңгейде қамтамасыз етіледі. Бұл – тек форумның ғана емес, бүкіл Қазақстанның абыройы мен беделі үшін аса маңызды.
Оңғар Алпысбайұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
