Семейдегі аспалы көпірді 25 жылда алғаш рет жөндей бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Семейдегі аспалы көпірді 25 жылда алғаш рет жөндей бастады

Семейдегі аспалы көпірді 25 жылда алғаш рет жөндей бастады

Семейде салынғанына 25 жыл болған аспалы көпірге алғаш рет күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. 2000 жылы қолданысқа берілген нысан ТМД елдерінде теңдесі жоқ. Ұзындығы бір шақырымнан асатын өткелмен күніне 80 мыңға жуық көлік қатынайды. Ресей, Қытай мен өзге де көрші мемлекеттермен көлік байланысын реттейтін халықаралық маңызы бар стратегиялық нысанның асфальт жабыны әбден тозған. Жапониялықтар салған көпірге әу баста табиғи асфальт төселген. Енді жабынды ауыстыру арнайы технологиямен жүргізіліп жатыр. Жұмысты толықтай «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мамандары қадағалайды.

Хамзат Сұлтанов, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Абай облыстық филиалының директоры:

Қолданып жатқан материалдардың сапасының барлығы бізден өтеді. Қазақстанда біз асфальт-бетон зауытының басында құрамын реттеу үстіндеміз. Оны реттеп болған соң аспалы көпірге қолданамыз. Жалпы полимер қосу саласын қолданып отырмыз. Бастапқы мақсатымыз – көпірді дұрыс технология бойынша сапалы салу.

Құрылыс жұмыстары 27 мамырда басталған. Қазір мамандар екі ауысымда жұмыс істеп жатыр. Көлік ағынын реттеу үшін өткелдің жартысы уақытша жабылған. Жөндеу жоспар бойынша бір айда аяқталуы тиіс.

Әділбек Увасилов, Семей қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

Көпірдің асфальтін толығымен ауыстыру жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта ескі асфальт төсемін демонтаждау толығымен бітті. Жақын күндері гидроизоляцияны толығымен бітіріп, жаңадан гидроизоляция жайып бітіреміз. Содан кейін асфальт төсемін салуға көшеміз.

Ержан Жақып

Автор
Редакция
Бөлісу