Қарқара жайлауында «Қымызмұрындық» фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Қарқара жайлауында «Қымызмұрындық» фестивалі өтті

Қарқара жайлауында «Қымызмұрындық» фестивалі өтті

Алматы облысында дүбірлі той. Тарихи құндылығымен ерекше әйгілі Қарқара жайлауында «Қымыз фестивалі» өтіп жатыр. Шараға еліміздің әр түкпірінен 5 мыңға жуық адам келді. Кең дала төсіне жиналған халықтың көңіл-күйін әріптесім Айдана Қуантхан жеткізеді.

Айдана Қуантхан, тілші:

Бұл тек табиғатымен емес, тарихымен де ұлт жадында сақталған - Қарқара жайлауы. Дүбірлі тойда жайлау жасыл кілемге оранып, көк аспанмен тілдескен шыңдар әсем әнмен тербеліп жатыр. Бүгінгі шараға 100-ге жуық киіз тігіліпті. Себебі, табиғат пен тарих тоғысқан мекенге алыс-жақыннан келушілер көп.

Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі:

Бұл жерде де Қарқара жәрмеңкесі өткен. Ұлы жібек жолы өткен жерлер, жан-жағымыз шекаралас ел болғаннан кейін осы жерде сауда-саттық жүрген. Шарттардың өзі осы Қарқарада отырып жасалған. Қасиетті шөбі де, асқар таулары да тұнып тұрған керемет елді мекен.

Ал мұнда ауылдың қыз-келіншектері күбіде қымыз пісіп жатыр. 1 тонна қымыз тегін таратылды. Ұлттық сусын қымыздың түр-түрі бар. Дәмі тіл үйіреді.

Айдана Қуантхан, тілші:

Дала төсіндегі дүбірлі той спорттық жарыстармен жалғасты. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар берілді. Келушілерге арнап жасақталған көрмеден де құнды жәдігерлерімізді кездестіре аласыз. Қызығы ерекше есте қалған думанды той салт-дәстүрімізді өркендетуге бағытталып отыр.

Айдана Қуантхан


Автор
Редакция
Бөлісу