Жапандағы жалғыз ауыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Жапандағы жалғыз ауыл

Жапандағы жалғыз ауыл

Шығыстағы Қайыңды ауылы мемлекеттік орман қорының аумағында тұр. Самар ауданына қарасты бұл елді мекен әлі күнге дейін ешбір әкімшілік аумақтың тізімінде жоқ. Соның салдарынан жүзге жуық тұрғын тұрақты тізімге де тұра алмай келеді.

Тұрғындар ауылды мемлекеттік орман қоры аумағынан шығару туралы аудан мен облыс тіпті салалық министрлікке дейін хат жазып келеді. Алайда әзірше еш нәтиже болмай тұр.

Жаңыл Қиябаева, Қайыңды ауылының тұрғыны:

Біріншіден, мемлекеттік орман қорынан жер шығару. Ол 29 гектар. Ауылдық мәртебеге кірмегендіктен бізде мәселе көп. Алдымен, жаңағы орман қорынан жерді шығару керек. 2016 жылдан бері біраз жыл өтті. Біз почтамен де жаздық. Бәріне сілтеме хаттар.

Мемлекеттік мекемелер бір-біріне сілтеп жүргенде инфрақұрылым да тозып барады. Өйткені қазір ауылдың аты бар да, заты жоқ.

Гүлнар Рахымбетова, Қайыңды ауылының тұрғыны:

Осы ауылда біз тұрақты тізімде жоқпыз. Бұл ауыл ешқайда белгіленбеген. Бірақ біз салық төлейміз ғой. Немерем болса мен өз үйіме тізімге тұрғыза алмаймын. Жедел жәрдем жоқ болғанымен, емхана бар. Шұбарқайыңнан медбике келеді. Аяқ астынан бірдеңе болса, ешкімді шақыра алмаймыз.

Қайыңдыға ауыл мәртебесін беруге байланысты үкіметке былтыр жіберілген құжат ауданға кері қайтарылған. Себебі қоғамдық тыңдау өткізілгені жөніндегі жиналыстың хаттамасы жоғарыға мерзімі өткен соң жеткен.Жақында қайта жиын өткізіліп, «Жер ресурстары комитетіне» жолданады. Егер Қайыңды ресми түрде ауыл мәртебесін алса, атқарылар жұмыс та шаш етектен.

Қуат Әлкенов, Самар аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Бас жоспар әзірлеу керек болады. Жаңадан салынатын құрылыстар, үйлер, белгіленетін құжаттардың бәрін белгілеп, көрсету қажет. Көріп тұрғандарыңыздай, үйлердің біреуінде құқықтық белігіленетін құжат жоқ. Алдымен, осы мәселелермен айналысамыз.

Елімізде мұндай аумаққа еніп кетіп, еңсесін тіктей алмай отырған елуден астам ауыл бар. Сондықтан ерекше қорғалатын аумақтағы елдімекендердің мәртебесі туралы заң жобасын Парламент Мәжілісі мақұлдады.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қазір бұл мәселе толық шешілуде. Заң арқылы енді әкімдер сол жерлерді өзінің балансына алып, әрі қарай да халыққа толық қолдау көрсетеді.

Жапандағы жалғыз ауылда қазір жүзге жуық адам тұрады. Әкімшілік аумағы белгіленіп инфрақұрылым реттелсе халықтың ешқайда көшкісі жоқ. Өйткені бұл өлкенің тұмса табиғатынан көз тұнады.

Олжас Керейхан


Автор
Редакция
Бөлісу