Қызылордада тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін зауыттың құрылысы басталды
Қызылордада тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап, өңдейтін зауыттың құрылысы басталды. Аймақ үшін маңызды экожобаны оңтүстік кореялық инвесторлар жүзеге асырады. Нысанның іргетасын қалау рәсіміне Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев арнайы келіп, игі іске сәттілік тіледі.
Қоқыс полигоны аумағынан бой көтеретін кәсіпорын толықтай Корей технологиясымен жабдықталады. Бүгінде шетелдік компанияның өкілдері білек сыбана зауыт құрылысына кірісіп кетті. Оның құны 34 млрд теңгеден асады. Жалпы облыста экологиялық бағытта 10 жоба қаралса, биыл соның екеуінің құрылыс жұмысы басталды.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
2 ірі жоба бойынша жұмыс басталды. Бұл шыны зауыты жанынан неміс технологиясымен 60 млрд теңгеге арналған жылына 240 млн шыны ыдыс шығаратын зауыт жобасы. Яғни, республикадан жиналған шыны қалдықтарынан жоғары сапалы отандық өнім шығарып, импортты алмастыруға мүмкіндік береді.
Алғашқы кезеңде қолданыстағы полигон жаңғыртудан өтеді. Яғни, әуелі қалдықтарды сұрыптайтын алып кешен салынбақ. Қазір жылына 60 мың тонна қоқыс қабылдауға мүмкіндік болса, жаңа полигонның қуаттылығы 300 мың тоннаға дейін артады. Жалпы ауқымды жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Хванг Сонгсин, инвестор:
Қалдықты сұрыптап, өңдеп кәдеге жарату бұл заман талабы. Біздің компания Оңтүстік Кореяда осындай 6 жобаны жүзеге асырған. Ресейде де зауыт салдық. Ал бұл Қазақстандағы алғашқы жобамыз. Қоқысты өңдеп қана қоймай, одан электр энергиясын өндіруді де көздеп отырмыз.
Келешекте зауыт іске қосылған кезде 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Яғни, экожоба өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық ахуалға да оң әсерін тигізбек.
Әділбек Серікұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
