Арнайы жоба: «Ақтаудағы демалыс»
Биыл Маңғыстау облысында туризм саласын дамыту үшін жалпы құны 40,7 миллиард теңге болатын 6 инвестициялық жоба іске асырылады. Нәтижесінде 150-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ Ақтау қаласының жағалау аймағын абаттандыру да жоспарланып отыр. Теңіз туризмі де назардан тыс қалмады. Каспий жағалауында дайвинг-парк жобасын іске асыру бойынша жұмыс басталған.
Қазір Ақтауда жазғы туристік маусымның қызған шағы. Каспий теңізі жағалауында халықтың қарасы көп. Жергілікті кәсіпкерлер де қызмет түрлерін кеңейтіп жатыр.
Жағалауда яхта, катамаран мен гидроциклдерді жалға алуға болады. Қысқасы, демалушылардың жайлы тынығып, көңіл көтеруі үшін бар жағай жасалған. Қауіпсіздік ережесі - басты назарда.
Қала маңындағы бес жұлдызды қонақ үй мен минералды суы бар шипажай – демалушылар жиі таңдайтын орындар. Шипажайдағы ыстық су 50 градусқа дейін жетеді. Ішуге жарамды, шомылуға да болады.
Гүлнұр Айтмұхамбетова, шипажай иесі:
Ыстық минералды суды Питегорский институт курортологи зертханасында құрамын тексерттік. Құрамында Менделеевтің 30-дан аса элементтері бар. Үлкен мөлшерде кремний, йод, магний бар. Асқазанның созылмалы ауруларына, гастрит, язва деген ауруларды емдейді. Түссеңіздер буынның сырқырауын, денедегі бүкіл суықты шығарады.
Ақтауға бір келген саяхатшы, міндетті түрде қайта оралғысы келері сөзсіз. Себебі, қарт Каспийдің жағасындағы бұл қала – табиғаты мен тыныштығы үйлескен нағыз шипа мекен. Шаһардың көз тартар орындары жайлы толығырақ ертең 17:20-да «Ақтаудағы демалыс» арнайы жобасынан көре аласыздар.
Асылбек Данияр
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
