Маңғыстау облысының әкімі жастармен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Маңғыстау облысының әкімі жастармен кездесті

Маңғыстау облысының әкімі жастармен кездесті

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жұмысшы мамандықтарды дәріптеп, жастарды еңбекке баулу мақсатында, өңір жастарымен ашық форматта кездесу өткізді. Жиында әкімнің орынбасарлары, әр салада табысқа жеткен ел азаматтары тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға бағыт-бағдар берді, кеңестерін айтты. Жастар да өз ойларын ортаға салып, аймақ басшысына тікелей сауалдарын қойды.

Кездесуге 500-ге жуық жас қатысты. Олардың арасында түрлі салада еңбек етіп жүрген мамандар, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, «Жасыл Ел» еңбек жасағы мен жастар ұйымдарының мүшелері бар. Кездесу еркін форматта өтіп, үш сағатқа созылды. Облыс басшысы жастарды жетістікке жету үшін - адал жұмыс істеуге шақырды.

Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:

Еңбек жолымызды қалай бастадық, қандай қиындықтармен бетпе-бет келдік — соның бәрін жастар білуі керек. Біз бірден мұнайшы болып емес, қарапайым жұмысшы болып бастап, табандылықпен мақсатына жетуге болатынын көрсете аламыз. Жастар бәрібір біреуге еліктейді. Олар да үлкен азамат болғысы келеді. Сондықтан біз өз мысалымыз арқылы қиындықтарды жеңіп, еңбекпен өсуге болатынын көрсетуіміз керек.

Кездесуде жастар ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, әлеуметтік жобаларға қатысуға ниет білдірді. Әкім олардың ұсыныстарын назарға алып, кейбір бастамаларды қолдауға дайын екенін айтты.

Алима Әлжанова «Казпошта» АҚ қызметтерді енгізу секторының басшысы:

2025 жыл — мен үшін мамандықтар жылы ерекше сәтті өтті. Айта кетейін, еңбек жолымды оператор қызметінен бастадым. Сондықтан жастарға айтарым, ешқандай жұмыстан қашпау керек. Жалпы, кез келген маман төменгі сатыдан бастап, қызметтің қыр-сырын көріп өсуі қажет.

Маңғыстауда 14 пен 35 жас аралығындағы 240 мыңнан аса жас бар. Оларға арналған 7 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар, 26 кәсіпорында жас мамандар кеңестері құрылған.

Аягөз Оралбайқызы


Автор
Редакция
Бөлісу