Қытайда су тасқыны салдарынан 5 мыңға жуық адам көшірілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Қытайда су тасқыны салдарынан 5 мыңға жуық адам көшірілді

Қытайда су тасқыны салдарынан 5 мыңға жуық адам көшірілді

Әлемнің бірқатар елінде қатты нөсерден кейін су тасқыны болды. Қытай астанасы Бейжің төңірегінде сенбіден бері жауын толастамай тұр. Табиғи апаттан қаза тапқандар бар. Ал Германиядағы пойыз апатына лай көшкіні себеп болуы ықтимал. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Румынияның таулы өңірінде су тасыды. Жүздеген адам эвакуацияланған.

Бейжің мен оған іргелес провинцияларды су басты. 5 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген. Табиғи апаттан 2 адам қаза тауып, 2 тұрғын жоғалып кетті. Баодин қаласында өткен түні 145 миллиметр жауын жауған. 10 мыңдай тұрғын электр жарығынсыз қалды. Ал Бейжің сыртындағы Миюнь округі тұрғындарына ескерту жасалды. Мұндағы резервуарда су деңгейі күрт көтеріліп, қауіп төндіріп тұр.

Германияда үш адамның өмірін қиған пойыз апатына нөсер жауыннан кейін болған лай көшкіні себеп болуы мүмкін. Жергілікті полиция осылай деп мәлімдеді. Апат кезінде 50-ден астам адам жараланған.

Свен Вранкен, полиция өкілі:

Тергеу жалғасып жатыр. Күшті нөсер кезінде канализация шахтасы суға толып, бұл лай көшкініне әкелсе керек. Ол темір жолды басып, апатқа себеп болды деп есептейміз.

Дамылсыз жаңбыр Румыния тұрғындарын да әбіргерге салды. Елдің таулы аймағында су тасқыны болып, 1 адам қаза тапқан. Үйлер қирап, көліктерді су шайды. Бистрица өзенінің суы бұрын-соңды тіркелмеген деңгейге көтерілген. 900-дей тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Тасқыннан зардап шеккен өңірлерде құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.

Арай Төлегенқызы


Автор
Редакция
Бөлісу