Келесі жылы көлік салығы азаяды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Келесі жылы көлік салығы азаяды

Келесі жылы көлік салығы азаяды

2026 жылы көлік салығы өзгереді. Жаңа Салық кодексіне сәйкес, ескі және қозғалтқышы үлкен көлік иелері салықты аз төлейді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бізде шамамен 6 млн-ға жуық көлік тіркелген. Оның 2 млн 500-мыңнан астамының қолданыста жүргеніне 20 жылдан асып кеткен.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

2026 жылдың 1 қаңтардан бастап көлік салығы жаңа тәртіппен есептеледі. Ең басты жаңалық – көліктің шығарылған жылы мен қозғалтқыш көлеміне қарай жеңілдік жасалады. Дәлірек айтсақ, өзгеріс қозғалтқыш көлемі 3 литрлік және одан жоғары көліктерге қатысты болып отыр. Бұрын 3000-4000 шаршы сантиметр көлемді көліктерге 35 пен 66 АЕК мөлшерінде салық салынса, 2026 жылдан бастап 15 АЕК мөлшеріне дейін қысқарады. Ал қозғалтқыш көлемі 4 литрлік және одан асатын көліктер 500 мың мен 800 мың теңге дейін төлеп жүрсе, келер жылдан бастап 117 АЕК сомасында, яғни 460 мың теңге салық төлейді. Сондай-ақ көліктің шығарылғанына 11 жылдан 20 жылға дейін болса – 30% жеңілдік, 21 жылдан асса – 50% жеңілдік жасалады. Дәлірек айтсақ, базалық салық 60 мың теңге болса, көлік иелері шығарылғанына 15 жыл болған көлік үшін – 42 мың теңге, 25 жылдық көлік үшін 30 мың теңге төлейді. Ал транспорттың құны 75 миллион теңгеден асса, оған қосымша 10% акциз салығы салынады. Бұл салықты көлікті алғаш тіркегенде немесе қайта сатқанда төлеу керек. Айта кету керек, 2025 жылдың салығын 2026 жылғы 1 сәуірге дейін төлеу міндетті.

Нұрсұлтан Тілектес

Автор
Редакция
Бөлісу