Қарауыл ауылында «Жеті қазына» республикалық фестивалі басталды
Бүгін Қарауыл ауылында «Жеті қазына» республикалық фестивалі басталды. Бұл 180 жылдық мерейтой аясындағы ең ауқымды іс-шаралардың бірі. Спорт пен руханиятты үйлестірген сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 200-ге жуық адам қатысып жатыр.
Ернұр Медет, тілші:
Бұл байқау ерекше. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Атауы да халқымыздың дәстүрлі дүниетанымындағы жеті қасиетті ұғымға негізделген. Жеті қазына бұл - ер жігіт, сұлу әйел, ілім-білім, қыран бүркіт, жүйрік ат, құмай тазы және берен мылтық.
Мына біз тұрған киіз үй қалашығында тазы жүгірту және құсбегілік бойынша сайыстар өтіп жатыр. Бірақ күн алабұлтты болғандықтан аздаған үзіліс жасалды. Себебі дауыл соғып, жаңбыр жауып тұрғанда бүркіттің қолға қонуы қиын. Ал түске дейін көпшілік Ер жігіт, Сұлу әйел сайыстарын тамашалады. Сұлу әйел жарысында бұрымдылар ұршық иіру, бауырсақ пісіру, ет жіліктеу бойынша сынға түсті. Ал ер азаматтар күш қуаты мен шығармашылық қарым қабілеттерін байқап көрді. Қарауылдағы думан енді қыза түсті. Орталық алаң, Абай саябағы, киіз үйлер қалашығы, мәдениет үйі барлық жерде түрлі іс шаралар ұйымдастырылған.
Нұржан Байтөс, ұйымдастырушы:
Ертең берен мылтық, яғни садақ ату бойынша финалдық кезең болады. Ал 10 тамыз жексенбі де көпшілік көз тіккен, елімізге белгілі, үздік тұлпарлар қатысатын топ бәйге, аламан бәйге өтеді.
Ернұр Медет
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
