Израильдің қауіпсіздік кабинеті Газа қаласын бақылауға алуды құптады
Израиль Газа қаласын толықтай бақылауға алуды жоспарлайды. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху ұсынған бұл шешімді елдің қауіпсіздік кабинеті құптаған. Мұның алдында үкімет басшысы Газа секторын толықтай бақылауға алатынын мәлімдеді. Қазірдің өзінде Израиль Газаның 75 пайызын бақылауда ұстап отыр. Израиль басылымдарының хабарлауынша, секторды толықтай басып алу 5 айда жүзеге асады. Бірінші кезеңде Израиль Газа қаласын алып, оның миллион тұрғынын оңтүстікке көшіреді. Ал екінші кезең бірнеше аптадан кейін басталып, ЦАХАЛ босқындар лагерлері мен кепілдегілер отырған аудандарды бақылауға алмақ. Дегенмен Израиль үкіметінің бұл жоспары ел тұрғындарының көңілінен шыққан жоқ. Олар кепілдегі израильдіктердің тағдырына алаңдаулы. Сонымен бірге әлем елдерінің бірқатар лидерлері де Израильдің Газаны басып алу ниетін сынға алды. Ұлыбритания премьері Кир Стармер бұл тек қантөгіс әкелетін қате шешім десе, Германия Израильге әскери құрал-жабдық экспортын тоқтата тұратынын мәлімдеді. Ал Газа секторында ахуал күрделі. 2,1 миллион халықтың 90 пайызы үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. БҰҰ, басқа да қайырымдылық ұйымдары палестиналықтардың көбі ашаршылыққа ұшырап жатқанын мәлімдеп отыр. Олар өмір сүруге қажетті көмекті жеткізуге кедергі келтіргені үшін Израильді айыптады. Алайда соңғысы мұны жоққа шығарып келеді.
Арай Төлегенқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
