Семейде Абайдың қолының табы қалған жәдігерлер сақтаулы
Биыл Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музей қорығына 85 жыл толды. Мәдени ошақта хакімнің қолының табы қалған талай құнды жәдігерлер сақтаулы. Ойшылдың өмірі мен шығармашылығына, өскен ортасы мен туған жеріне қатысты мыңдаған құнды деректер бар. Музей ашылғалы әр жылдары толықтырылып келген құндылықтардың саны бүгінде 22 350-ге жеткен. Ұлы ақыннан қалған мол мұраны көріп-білу үшін әлемнің әр түкпірінен жылына мыңдаған турист Семей жеріне толассыз ағылады.
1885 жылы Абай Семейде ашылған тарихи-өлкетану музейіне досы Нифонт Долгополттың көмегімен бір үйдің жабдықтарын тапсырған. Қазақ халқының мәдениетінен хабар беретін жәдігерлерді өткізген. Кейіннен 1960 жылдары абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың бастамасымен олар Абай музейіне орналастырылған. Солардың ішіндегі ең бағалыларының бірі – Абайдың өзі қолданған кісе белбеуі.
Меруерт Абланбаева, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығының бас қор сақтаушысы:
Абай тапсырған заттардың ішінде кісе белдік, торсық, одан кейін піспек деп айтамыз. Әйел адамдар қолданған ет табақ, шоқпар, айбалта сияқты дүниелер сақталған.
Қазір Семейдегі хакім музейінде 11 дербес тақырыптық зал бар. «Абай. Жыл мезгілдері», «Дала әуені», «Абайдың балалық шағы», «Ақынның қалыптасуы», «Абай шығармашылығы» сынды бөлімдерде ойшылдың өміріне тікелей қатысты архивтік материалдар, түрлі құжаттар, қазақ халқының тұрмыстық-этнографиялық өмірін бейнелейтін заттар мол. Нақты Абайдың өзі қолданған 30-дан астам баға жетпес жәдігер қойылған.
Қуат Қиықбай, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығының бөлім басшысы:
Бүгінгі күні музей қорында 252 кітап бар. Бұл Семей қаласындағы Ахмет-Риза мешіт медресесінің шәкірттері пайдаланған кітаптар. Абайдың сан салалы ғылымды интеллектуалдық-инновациялық білімнің бәрін терең меңгергендігін ұғамыз. Сол 252 кітаптың ішінде аспан әлемінен хабар беретін астрономия, биология, зоология, жан тану, тән тану, этика-эстетика барлығы да сол кітаптардың ішінде жазулы тұр.
Абай музейінен бөлек, Семейдегі ақын атындағы кітапхананың алтын қорында да заманында Абай оқыған әлем әдебиеттері мен сирек басылымдар сақтаулы. Хакім тек көркем әдебиет емес, ғылымның барлық саласына қызығушылық танытқан. 1885 жылы Семейге келген америкалық публицист Джордж Кеннан шағын ғана кітапханаға бас сұққанда Батыс Еуропаның сирек философиялық еңбектерін ойшылдың пайдаланғанын көріп таңғалған.
Жаңагүл Әділбекқызы, Абай атындағы облыстық кітапхананың сирек басылымдар бөлімінің басшысы:
Дрепердің «Умственное развите человечества», Спенсрдің «Основания психологий», Мильдің «Система-логики» сияқты кез келген зиялы қауым өкілінің тісі бата бермейтін күрделі философиялық туындыларды оқитын қазақ даласында жергілікті тұрғындардың өкілі бар екендігіне естіп, Кенон таңғалған екен.
Музей мен кітапханада Абай Құнанбайұлынан қалған мол мұра әлі терең зерттеліп біткен жоқ. Оларға бойлаған сайын, біртуардың бүкіл адамзат ғұмырына бағыт-бағдар беріп кеткендігіне тағы бір көз жеткізе түсесің, дейді ғалымдар.
Ержан Жақып
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
