Қостанай облысына былтыр 200 мыңнан аса турист келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Қостанай облысына былтыр 200 мыңнан аса турист келген

Қостанай облысына былтыр 200 мыңнан аса турист келген

Қостанай облысына өткен жылы 200 мыңнан аса турист келген. Олардың арасында шетелдіктер де бар. Саяхаттап келгендерді көбіне тарихи, табиғаты ерекше жерлер мен қорықтар қызықтырады. Туризм саласын дамытуға жергілікті кәсіпкерлер де өз үлестерін қосып келеді.

Мәдина Нағашыбай, тілші:

Құмкешу деп аталатын мына жерді табиғаттың ғажайыбы десе болады. Жазық жасыл даланың ортасында жалаңаш құм төбелер жатыр. Тап бір Сахара шөлінде жүргендей әсер аласыз. Ыстық құмды қолыңа ұстасаң, саусақ арасынан суша сырғиды.

Құмкешу - Амангелді ауданы орталығынан 30 шақырым жерде орналасқан. Бұл жерге жолаушылар тоқтамай өтпейді. Сусыма құмның үстімен жүріп өтіп, суретке түседі. Табиғаттың ерекшелігін ауыл тұрғындары да кәдесіне жаратып, кәсіп қып табыс тауып отыр. Келушілерге қымыз, бауырсақ, айран мен қатығын ұсынады. Жаз мезгілінде мұнда күніне 50-60 шақты адам келеді.

Жасұлан Мақашев, Торғай ауылының тұрғыны:

Өткен сайын отбасымызбен осы жерде тоқтап демаламыз. Егер қосымша нысандар салып, ойын алаңын ашып, аумақты дамытса, ауыл адамдары үшін де жұмыс көзі болар еді.

Ерлан Тоқмағамбетов, жеке кәсіпкер:

Қостанайдан, Астанадан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен жолаушылар осы құмды көру үшін келеді. Бассейн мен балалар алаңын салғымыз келеді. Сондай-ақ киіз үйлер санын көбейтіп, біреуін қонақүйге айналдыру жоспарда бар. Алайда бәрі қаржыға байланысты.

Ауданда биыл Туристік кешеннің құрылысы аяқталды. Мұнда әлемнің жеті кереметі сынды ежелгі сәулет өнерінің үлгілерінен бөлек қонақ үй, мейрамхана сынды көпшілікке арналған нысандар да бар. Сондай-ақ қазір жергілікті кәсіпкердің көмегімен әйгілі Торғай геоглифтерін тікұшақтан көру үшін аэродром салынып жатыр.

Сапар Ысқақов, кәсіпкер:

Геоглифті жоғарыдан көру керек. Ол үшін бізде дрон бар — дронмен түсіріп көрсетеміз, планшеттен де жоғарыдан қалай көрінетінін бақылайды. Ал кейбіреулер «мен бұдан да айқын көргім келеді», - дейді. Сол үшін қазір аэродром салып жатырмыз. Екі және төрт орындық ұшақпен ұшып, геоглифті айналдыра жоғарыдан көрсетеміз.

Абай Шөкенов, Амангелді ауданы әкімінің орынбасары:

Жангелді ауданында да ыстық су бар. Бірақ ол жақта инфрақұрылымды дамыту мен жол мәселесі бар. Егер жол салынса, сол жаққа барғысы келетіндерге Амангелді ауданы тұрғындары арасынан да жұмыс істегісі келетіндер табылады.

Орталық-Батыс жолы мен Арқалық қаласындағы әуежай қалпына келсе, мұнда жету әлдеқайда жеңілдемек. Соңғы жылы облысқа 12 мың шетелдік пен 200 мыңға тарта қазақстандық турист келген. Кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше, олар негізінен курорттық аймақтарға, қасиетті орындар мен табиғи қорықтарға саяхаттаған.

Мәдина Нағашыбай


Автор
Редакция
Бөлісу