Шымкентте «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Шымкентте «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Шымкентте «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Шымкентте «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңі өз мәресіне жетті. Сайысқа 150-жуық отбасы өтінім берген. Ұрпақ тәрбиесінде үлгі-өнегесімен үздік деп танылған 20 жанұяға бүгін сый-құрмет көрсетілді.

Нұртаевтар әулеті - теміржолшылар династиясы. Нұрғали мен Әсиядан тараған 4 ұл, 8 немере, 10 шөбере түгелдей дерлік шойын жолда қызмет етеді. Кәсібі бір отбасының түсінігі де ортақ. Қалалық кезеңнің жеңімпаздары «шаңырақтың шаттығы – өзара сыйластықта» дейді.

Әсия Нұртаева, байқау жеңімпазы:

Отбасының құпиясы – бірін-бірі тыңдау. Біріне-бірі сөз қайтармау. Кішіге ізет көрсетіп, үлкенге құрмет көрсету керек. Әрі қарай соны кейінгілерге үлгі ету қажет.

Арнайы комиссия үміткерлерді отбасындағы қарым-қатынас, қоғамдағы рөлі мен жетістіктері сынды көрсеткіштерге сүйене отырып бағалаған.

Ақбота Оспан, конкурстық комиссияның хатшысы:

Ұлттық байқаудың негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту. Өскелең өренге патриоттық сезімді, отбасылық құндылық деген түсінікті дәріптеу.

Мерейлі отбасы байқауы 12 жылдан бері үзбей өткізіліп келеді. Осы аралықта мыңнан аса жанұя бақ сынап, көпке үлгі болды. Алдағы уақытта олар көрсеткен тәлім-тәрбие, бағыт-бағдар арнайы жинақ болып жарық көреді.

Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:

Қалалық байқаудың жеңімпаздарына арналған арнайы кітап шығарамыз деп отырмыз. Дәстүрлі құндылықтар бұрынғыдан да аса дәріптелуі керек, бұрынғыдан да артық қадірленуі керек деп түсінеміз.

Жүзден жүйрік танылған үлгілі жанұя енді Астанада өтетін байқаудың ақтық сынында өнер көрсетеді.

Жандос Бақытұлы

Автор
Редакция
Бөлісу