Еуропа елдерінде ауа температурасы +44 градусқа жетті
Еуропа елдерінде күн қатты ысып, орман алқаптары өртеніп жатыр. Бірнеше адам қаза тауып, мыңдаған тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген.
Еуропа елдеріне аптап ыстық қайта оралды. Испанияда, Францияда, Португалияда, Италияда, Балқан елдерінің кейбір аудандары мен қалаларында ауаның температурасы 40-44 градусқа дейін көтерілетіні ескертілді. Ал Испания, Албания, Түркияда орман өртінен 3 адам қаза тапты. Тағы ондаған тұрғын түтіннен уланып, күйік шалып, ауруханаға түскен.
Испанияда зардап шеккендердің ішінде өрт сөндірушілер де бар.
Мари Кармен, жергілікті тұрғын:
Өте жанға бататын жағдай. Өкінішті, талай адам зардап шекті, жануарлар қалып қойды. Оларды енді ешкім таппай қалады ғой. Ал үйіміз жанып кетсе, не істейміз?
Қазір Грекияда да жасыл желектерді шарпыған жалын тіпті қаулап барады. Соңғы 24 сағатта мұнда 152 өрт ошағы анықталған. Оларды сөндіруге 5 мыңға жуық адам тартылып жатыр. Туристер көп баратын Хиос, Закинф аралдары мен Патра қаласында үйлерді, кәсіпорындарды, көлік құралдарын от шарпыды. Сондықтан мұнда да Испаниядағыдай мыңдаған адам қауіпсіз жерге көшірілген.
Гиоргос Циримягкос, Фита ауылының тұрғыны:
Елдің бәрі уайымдап қалды. Өзіміз бүкіл ауыл болып көшіп кеттік. Дүкендер мен кәсіпорындар қалды. Бәрі жақсы аяқталады деп үміттенеміз.
Португалияда тілсіз жаумен күрес төртінші күнге ұласты. Бұл мемлекетте биыл 52 мың гектар аумақ немесе ел территориясының 0,6 пайызы жанған екен.
Ал Албания фермерлері орман өртінен қашып, малын өзен маңына айдап жатыр.
Ғалымдардың ойынша, Жерорта теңізі аймағында жаздың тым ыстық болуына, қуаңшылықтың күшеюіне және өрт маусымының ұзаққа созылуына жаһандық климаттың мөлшерден тыс жылынуы себепші.
Арыстан Рысбек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
