Қостанай облысында 30 мың гектар алқапты киік таптап кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Қостанай облысында 30 мың гектар алқапты киік таптап кеткен

Қостанай облысында 30 мың гектар алқапты киік таптап кеткен

Қостанай облысында 30 мың гектар егістікті киік таптап кеткен. Әсіресе оңтүстік ауданның шаруалары қатты зардап шегіп отыр. Былтыр да диқандар алқапты шегіртке мен киіктен қорып жүріп, 9-ақ центнерден өнім алған еді. Енді биыл тіпті шығынға батамыз ба деп алаңдап отыр.

Ала жаздай диқандар алқаптарын ақбөкеннен күзетіп, күні-түні торуылдайды. Киік түссе, осылай көлікпен қуады, айтуларынша, жабайы жануар айдауға көнбейді. Қуған жерге қайта келеді.

Таңатар Ахметов, шаруа:

100-200 емес, мыңдап келіп жатыр. Көктемде басталды. Шығып келе жатқан бидайды бір таптады. Түк қалдырмай кеткендер бар. Енді 400 гектардың 5%-на шығын келтірсе, ол жобамен 5-6 млн шығын келтіреді ғой.

Биыл оңтүстіктегі Жангелдин, Амангелді аудандарының диқандары 190 мың гектар жерге бидай екті. Енді қазір қып-қызыл еңбек киіктің тұяғының астында қалды, дейді олар. Аманкелді ауданының өзінде 7 мың гектар жерге киік кірген.

Арман Саржанов, Амангелді ауданы Кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:

Шаруа қожалықтары өздері ұйымдасып, жаз бойы киікті қуумен айналысты. Алтын дала табиғи резерватынан 4-5 бригада шықты. Әкімшіліктен де шықты. Бірақ қуғанннан кейін киік сол жерге қайтып келе береді.

Ең қатты зардап шеккен – Қамысты ауданы. 16 мың гектардан астам аумақтың егістігі жарамсыз болып қалған. Алайда мұның бәрі тек көз өлшемі ғана. Әлі нақты шығын көлемін есептейтін әдістеме жоқ дейді мамандар.

Кенжеғозы Жұмандықов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

Аудандардан түскен мәлімет бойынша, бізде  30 700 гектардың алқабына киік түскен. Ақбөкендер түскен алқаптардың барлығына зиян келтірді деп санай алмаймыз. Көзбен қарағанда солай, ал нақты оның қалай зиян келтіргенін есептейтін нақты методика жоқ.

Қазақстанда киік саны 4 млн-ға жуықтаған. Олардың санын реттеу 1 шілдеде БҚО, Қостанай, Ақмола, Қарағанды облыстарында басталды. Желтоқсан айына дейін 750 мың бас аулануы тиіс. Жалпы, биыл облыста дәнді дақыл өнімдерінің 62 пайызының шығымы жақсы. Сондықтан орта есеппен 11 центнерден өнім алынады деген болжам бар.

Мәдина Нағашыбай


Автор
Редакция
Бөлісу