Алматы тазалығы – алматылықтардың мәдениетіне байланысты
Кез келген қала тазалығымен көрікті. Бірақ сол тазалыққа қаншама адам жауапты. Әсіресе ел ұйқыда жатқанда күнмен таласа жұмысқа шығатын көше тазалаушылардың еңбегі ерен. Сондай жандардың бірі – алматылық Алуаш Қияққызы. Тазалыққа барын салған жанмен, әріптесім тілдесіп келді.
Күн сайын мыңдаған адам жүретін жолдар, балалар асыр салып ойнайтын алаңқайлардың таза болуы Алуаш Қияққызы сияқты жандардың арқасы. 8 жылдан бері Алматыдағы Арбаттың тазалығына жауапты жан әр ісімді тиянақты жасауға тырысамын дейді.
Алуаш Қияққызы, тазалықшы:
Жастардың сүйікті орны болғасын туған күндерін жасайды. Шар жарады. Гүлдерін шашады. Жас, кішкене балалар көп келеді. Кең жер болғасын. Алматыны жақсы көремін. Жұмысымды жақсы көремін.
Жастар бұл жұмыстан ат тонын ала қашып, тіпті арланады дейді Алуаш Қияққызы. Сыпырғыш пен қалақ кейіпкеріміз үшін жай ғана тазалық құралы емес, өмір жолы, жаны қалаған іс.
Алуаш Қияққызы, тазалықшы:
Бұл адал еңбек, маңдай тер деп айтамыз ғой. Бұдан еш қорқатын, ұялатын жұмыс емес деп ойлаймын. Осы жұмыстан көтерілгендер өте көп. Тазалық жақсы ғой. Қаламыз таза болсын.
Әлия Төлегенова, «Алматы тазалық» мекемесінің учаске басшысы:
Тазалықты адам өзінен бастайды ғой. Өте таза адам. Жүрегі де кең. Жұмысқа кешігу дегенді білмейді. 2 сағатқа бір жерге керек болып жатса да, бізден сұранып кетеді. Әрқашан артынан еріп келе жатқан жастарға ақылын айтып отырады.
Кейіпкеріміздің әр қимылы қаланың сәнін келтіріп, шырайын ашады. Мұндай еңбек – құрметке лайық. Алматының тазалығы – Алуаш апай секілді жандардың маңдай терінің жемісі дейді әріптестері.
Қуан Нұрақын
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
