Елімізде жұмыссыз қалғандар 6 айға дейін төлем ала алады
Елімізде жұмыстан шыққан адамдар 6 айға дейін әлеуметтік төлем ала алады. Бұл көмек мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы беріледі. Ал оны алудың шарттары қандай? Кімге қанша теңге төленеді?
Ернұр Медет, тілші:
Биылғы 1 тамыздағы дерек бойынша 244 мыңнан астам адам әлеуметтік төлем алады. Олардың басым бөлігі алғаш рет осы мүмкіндікті пайдаланып отыр. Жәрдемақыға жалпы 73 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалған.
Ал енді қаржылай көмектің берілу тәртібіне тоқталсақ. Жұмыстан шыққан азаматқа табысының 45%-ына дейінгі мөлшерде ақшалай қолдау көрсетіледі. Мысалы, егер айлық жалақысы 100 000 теңге болса, 45 000 теңгеге дейін төлем тағайындалуы мүмкін. Ал оны алу мерзімі адамның әлеуметтік сақтандыру жүйесінде қанша уақыт болғанына және соңғы 2 жылдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін созылуы мүмкін.
Төлем алу үшін не істеу керек?
1. eGov.kz сайтына кіріп, «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдаңыз
2. Өтінімді онлайн толтырып, электрондық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы жіберіңіз
3. Одан соң, тұрғылықты жердегі мансап орталығы сізге жұмыс ұсынады
4. Егер 3 жұмыс күні ішінде жаңа қызмет орны табылмаса, сізге қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі
Жұмыссыз ретінде тіркелген соң, министрлік сіздің телефоныңызға төлем тағайындау туралы SMS жібереді. Егер келіссеңіз, төлем автоматты түрде төлене бастайды. Айта кетейік, жәрдемақы жұмыстан шығу себебіне қарамастан беріледі.
Ернұр Медет
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
