Пәкістанда су тасқынынан қаза тапқандар саны 330-дан асты
Пәкістанның солтүстік-батысы су тасқынынан зардап шекті. Хайбер-Пахтунхва провинциясында төтенше жағдай жарияланған. Екі күн тоқтамай жауған жаңбырдан 337 адам опат болды. Бірнеше адам жоғалып кеткен. Өңірде іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Жаңбыр әлі де тоқтамай, керісінше күшейе түсуі мүмкін.
Пәкістанның солтүстік-батысында екі күн қатарынан тоқтамастан жауған нөсер жауын 330-дан астам адамның өмірін қиды. Табиғи апат елдің Хайбер-Пахтунхва провинциясының шалғайдағы ауылдарын жайлаған. Өңірде төтенше жағдай жарияланды. Әсіресе Бунер округы қатты зардап шеккен. Марқұмдардың көбі - осы жердің тұрғындары. Тағы бірнеше адам жоғалып кеткен. Биліктің мәлімдеуінше, құрбандар саны көбеюі мүмкін.
Гүл Рашид, тұрғын:
Жаңбыр төпелеп жауды. Ақырзаман сияқты. Көшелер өзенге айналды. Үйлерге зақым келді. 400-ге жуық адам қаза тапты. Біздің ауыл толықтай қирады. Жапондар салған көпір бар еді, соған ағаш құлап, тасқын судың ағысын бөгеді. Су жан-жаққа шашырап, содан үйлеріміз бүлінді.
Кей ауылдарда 1 сағатта 150 милиметр жауын жауған. Нөсер жауыннан кейін су тасқыны болып, найзағай жарқылдап, лай көшкіні жүрді. Жергілікті биліктің мәліметінше, қазір іздеу-құтқару, жолдарды тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Оған әскерилер тартылды.
Әзиз Ахмед, тұрғын:
Жолдар мен электр қуаты қалпына келтірілуі тиіс. Байланыс жоқ. Қауіп әлі сейілмей отыр. Техниканың көмегімен суды бір жаққа тартып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді жеңілдету қажет. Мұны үкіметтен талап етеміз.
Нөсер жауын көршілес Үндістан мен Непал халқын да әбігерге салды. Ал ауа райы болжамы көңіл көншітерлік емес. Дамылсыз жауын Пәкістанда қыркүйектің басына дейін жалғасуы ықтимал. Соңғы жылдары климаттың өзгеруі муссон жаңбырының күшеюіне әкелген.
Арай Төлегенқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
