Елімізде биыл 35 мың студентке жатақханадан орын жетпейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Елімізде биыл 35 мың студентке жатақханадан орын жетпейді

Елімізде биыл 35 мың студентке жатақханадан орын жетпейді

Бір бөлмелі пәтерді жалға алу құны қазір ірі қалаларда айына 250 мың теңге. Қыркүйекте сұраныс артатыны тағы бар. Өйткені биыл 35 мың студентке жатақханадан орын жетпейді. Олардың 12 мыңдайы Астана мен Алматыда білім алғысы келеді. Жатақханадан орын табу үшін қайда жүгінуі керек? Пәтер іздеп жүргенде алаяқтардың арбауына түсіп қалмаудың амалы қандай? Жанел Нұрболатқызы айтады.

Жанел Нұрболатқызы, тілші:

Алып шаһарда білім алу – әр студенттің арманы. Тек Астанадағы оқу орындарына жыл сайын 52 мыңдай студент қабылданады. Ал Алматыға баратын түлектердің саны бұдан 4 есе көп. Олар баспана таппай, қиын жағдайға қалмасын деп биыл жауапты министрлік арнайы орталық құрған. Енді студенттер осы нөмірлерге хабарласып, қай жатақханада бос орын барын сұрай алады. Орталықтағы мамандар талапкер өзі түскен университеттің, не басқа жоғары оқу орнының маңына орналастыруға тырысады. Ал кеш жүгініп, жатақханадан орын алуға үлгермеген студенттерге уақытша паналайтын орын тауып береді.

Ескеретін жайт, мұндай орталықтарда бірнеше күн ғана тұруға болады. Сол уақыт аралығында пәтер тауып алуы керек. Бірақ асығамын деп алаяқтарға жолығып қалмаңыз. Сарапшылар ақшаны аудармай тұрып үйдің кімге тиесілі екенін тексеріп алуға кеңес береді. Пәтер иесі анықтаманы eGov сайтынан тапсырыс беріп, онлайн жібере алады.

Жеңіс Шәріпұлы, тұрғын үй нарығының сарапшысы, қаржыгер:

Делдал болса міндетті түрде одан сұрау керек, сіздерде құжат бар ма деп немесе үй иесінен сұрау керек, мысалы ол салтып алу, сату туралы келісімшарт дейміз, үй оның атында тұр ма қарау керек.

Екіншіден, үйге орнасудан бұрын келісімшарт жасасқан абзал. Келісімшартта ай сайынғы төлем сомасы, жалға алу мерзімі, тұрғын саны көрсетілуі керек. Сондай-ақ пәтер ақысын ай сайын нақты қай күні төлейтініңізді де бекітіп алсаңыз болады.

Жеңіс Шәріпұлы, тұрғын үй нарығының сарапшысы, қаржыгер:

Көп студенттер жас болғасын алданып қалады, келісімшарт жайында сұрамайды. Сосын делдал көп қазір. Олар көбіне ақша сұрайды. Олар да қызмет көрсетпей тұрып ақша сұраса, үйді көрсетпей тұрып ешқандай ақша бермеңіз. Алдын ала оларға да ақша жібермеңіз.

Қазір үлкен қалаларда бір бөлмелі пәтердің өзі айына 250 мың теңге тұрады. Сондықтан бірнеше студент болып 500 мыңға 2-3 бөлмелі пәтер жалдаған әлдеқайда тиімді, дейді сарапшы. Ал бірінші не ең үстіңгі қабаттардан алсаңыз, бұдан да арзан шығады.

Жанел Нұрболатқызы


Автор
Редакция
Бөлісу