Атырауда 23 жастағы фельдшер төбелес кезінде оққа ұшты
Атырауда 23 жастағы фельдшер төбелес кезінде оққа ұшты. Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. Қазір мамандар тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Толығырақ әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт баяндайды.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Оқиға қала сыртындағы Химиктер поселкесінде кеше түнде болған. Көріп тұрғандарыңыздай, полиция қызметкерлері атыс болған жерді толық қоршауға алған.
Жаппай төбелес теміржолға жақын орналасқан Менделеев көшесінің түбіндегі «АБК Ақжайық» мекемесінің маңында болған. Алғашында бір топ азамат сөзге келісе алмай арты жанжалға ұласқан. Кейін достары еңбек демалысында жатқан Азамат Асылбекұлын көмекке шақырған. Сол кезде жағдай одан әрі ушығып, төбелескендердің бірі тапаншамен оқ атқан. Мекеме күзетшілерінің айтуынша, қанды оқиғаны түнгі ауысымдағы күзет маманы көзімен көрген. Бірақ онымен байланысу мүмкін болмады.
Дамир Әбдешов, компания күзетшісі:
Полиция мен жедел жәрдем келген кезде шыққан. Атысып жатқан соң сыртқа шыға алмайды ғой енді. «Шальной» оқ тиюі мүмкін. Шалқасынан жатып өліп қалған бала. Алдында оперлер келгенде бір-бірімен атысқан деп айтты.
23 жастағы азамат оқиға орнында сол мезетте жан тапсырған. Жас маман облыстық медициналық жедел жәрдем станциясында 4 жылға жуық уақыт еңбек еткен.
Анар Әубәкір, жедел медициналық жәрдем станциясы директорының міндетін атқарушы:
31 шілдеден бастап бұл кісі өзінің еңбек демалысында. Ешқандай жұмысқа келген жоқ. Қатысы жоқ. 42 күн еңбек демалысында болатын. Бірде-бір үстінен шағым түсіп көрген жоқ. Әріптестерімізге өте қатты батып жатыр.
Қазір төбелеске қатысқандардың барлығы ұсталды. Полиция істі жан-жақты тергеп жатыр.
Дина Мақсотова, ПД ақпараттық саясат бөлімінің аға инспекторы:
Аталған дерек бойынша күдіктілер ұсталып қамауға алынды. Адам өлтіру бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүруде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.
23 жасар фельдшер 6 ай бұрын ғана отау құрған. Артында жүкті әйелі қалған.
Нұрсұлтан Нұрсейіт
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
