БҚО-да емханалар жаңа форматта жұмыс істеуге көшті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар БҚО-да емханалар жаңа форматта жұмыс істеуге көшті

БҚО-да емханалар жаңа форматта жұмыс істеуге көшті

Оралда қалалық емханалар жаңа форматта жұмыс істеуге көшті. Дәрігерлердің жұмыс жүктемесін азайту мақсатында жаңа бөлімшелер мен кабинеттер ашылды. Іс-шара Жолдауда жүктелген міндеттерді жүзеге асыру аясында қолға алынды. Шұғыл көмек көрсету мен мейіргерлік көмек қызметтері медицинаның тұрғындарға қолжетімділігін арттырады.

Қалалық емханада мамырдан бастап «Шұғыл медициналық көмек көрсету бөлімшесі» ашылған. Дәрігерге жазылмаса да, кенеттен басы ауырып, балтыры сыздап келген науқастарға бірден алғашқы көмек көрсетіледі. Бұл учаскелік дәрігерлердің қызметін жеңілдетуге сеп болады. Сондай-ақ көпбейінді мейірбикелер кабинетінің ашылуы да дәрігерлер жүктемесін азайтады. Мұнда тәжірибелі мамандар науқастарды өздері қабылдап, көмек береді.

Алмагүл Сейіткереева, қала тұрғыны:

Астанадан операция жасатып келдім. Клапан қойды. Қыздар жақсы. Көңілім толады. Дәрілерімді жазып жатыр. Анализге қағаздарын беріп жатыр.

Даму және ерте араласу бөлімшесінде жаңа туған нәрестелер мен ерекше балалар скрингтен өтеді. Екпе егудің маңыздылығы түсіндіріледі. Бөлімшедегі патронаждық мейіргерлердің де орны бөлек. 

Меңсұлу Елекенова, қалалық №5 емхананың емдеу бөлімі меңгерушісі:

Отбасындағы зорлық-зомбылық, балаларға көрсетілетін әртүрлі қатыгездіктің алдын алу бағытында жұмыстанады. Патронаждық жұмысты ұйымдастырады. Алты айлығынан бастап ерте жастағы балаларды қалай тамақтандыру керек екендігін, медбикелеріміз өздері тамақты пісіріп, осы жерде көрсетіп, түсіндіріп береді. Психолог бар, қажет жағдайда әлеуметтік қызметкермен бірге жұмыс істейміз.

Қалалық №5 емханаға 68 мың адам тіркелген. Оларға 400-дей медициналық маман қызмет көрсетеді. Дәрігер тапшылығы да бар. Жүйеге енгізілген өзгерістер - дәрігерлердің жұмыс жүктемесін азайтуға жасалған нақты қадам. Өңірде 6 мемлекеттік, 5 жеке емхана бар. Аудандардағы 15 аудандық аурухана да алғашқы медициналық көмек көрсетеді.

Гүлнар Абдрахманова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы орталығы директорының орынбасары:

Тағы бір жаңашылдық - қазір емханаларда Face ID бойынша қабылдау жүріп жатыр. Бұл «дәрігерде болған жоқпын, бірақ «ДамуМед-ке» жазып қойған» деген сияқты олқылықтарды болдырмау үшін жасалып отыр. Емханаларда ашылған мейіргерлік көмек кабинеті, шұғыл медициналық көмек бөлімшелері дәрігерлік қызметтің қолжетімді болуына бағытталған.

Саланы цифрландыру ісі жүйеге қойылған. Науқастар дәрі-дәрмекті eGov мобильді қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» арқылы алады. Сондай-ақ шаһардың шағын аудандарындағы емхана жүктемесін азайту мақсатында Зачаган кентінде жаңа емхана құрылысы басталмақ. 

 Ардақ Мұратқызы

Автор
Редакция
Бөлісу