Абай облысындағы екі баланы санавиация ұшағымен Астанаға алып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Абай облысындағы екі баланы санавиация ұшағымен Астанаға алып кетті

Абай облысындағы екі баланы санавиация ұшағымен Астанаға алып кетті

Үржар ауданына жол апатынан зардап шеккен балаларды алып кетуге арнайы медициналық санавиация барды. Ауруханаға түскен үш баланың да бас сүйегі зақымданған. Сондай-ақ тірек-қимыл аппараты мен ішкі ағзалары жарақаттанған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен кеше арнайы бортпен бір топ білікті дәрігер көмекке жіберілген болатын. Қазір өңірдегі тілшіміз Ержан Жақып соңғы ақпаратпен бөлісу үшін тікелей эфирде. Ержан, зардап шеккен балалардың жағдайы қалай?

Ержан Жақып, тілші:

Үржар ауданы Бестерек ауылында болған оқыс оқиға салдарынан аяқ-қолы сынып, ауыр дене жарақатын алған екі жеткіншекті мамандар арнайы бортпен Астанаға алып кетті. Басына және ішкі құрылыстарына зақым келген балаға дәрігерлер ота жасаған. Жағдайы ауыр деп бағалануда. Зардап шеккен жасөспірімдерге еліміздің ең білікті дәрігерлер көмек көрсетіп жатыр.

Сапарбек Сейітбеков, дәрігер-нейрохирург:

Шамамен әрбір ота екі сағатқа жалғасты. Бірінші ота ішкі ағзаға байланысты. Бауыр, ішек зақымдануына байланысты, қан құйылды. Екіншісі - жарақаттан кейін бас миы ісінген. Қатты қауіп төніп тұр деп айтуға болады. Өйткені жарақаттары өте күрделі. Өте ауыр.

Ержан Жақып, тілші:

Кеше болған оқыс оқиғаға кінәлі 55 жастағы көлік жүргізушісі тергеу изоляторына 2 айға қамауға алынған. Қайғылы жағдайға не себеп болғаны анықталып, тергеу жүргізіліп жатыр. Оқыс оқиғадан қаза болған үш бүлдіршіннің екеуі көрші ауданнан Бестерек ауылына қонаққа келгені белгілі болды. Зардап шеккен балалардың отбасына облыс әкімшілігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр.

Ержан Жақып

Автор
Редакция
Бөлісу