Үржардағы жол апаты: Балалардың халі нашар
Абай облысы Үржар ауданы Бестерек ауылында болған жол апатынан зардап шеккен балалардың екеуін санавиациямен Астанаға алып шықты. Әріптесім әуежайдан бізбен байланысқа шығып тұр.
Азамат Бейбітұлы, тілші:
Үржар ауданы барған санавиация Астанаға шықты деп бұған дейін хабарланған еді. Біз сол санавиацияны әуежай маңында күтіп тұрмыз. Бестерек ауылында болған оқыс оқиға салдарынан ауыр дене жарақатын алған үш баланың екеуі арнайы бортпен әкелініп жатыр. Бірақ министрлік олардың нақты келгені жайлы әлі ақпарат берген жоқ. Ал бір баланың жағдайы өте ауыр болғандықтан тасымалдау қауіпті деп шешілген. Оған стационарда білікті дәрігерлер көмек көрсетуде.
Дәрігерлер балалардың жарақаттары ауыр деп отыр. Сондықтан олардың өмірі үшін күрес жүріп жатыр. Дәрігерлер барлық ем-домды жасап, жасөспірімдер аман қалып, жағдайлары жақсарып кетсе екен деп тілейміз.
Айта кетейік, Абай облысы Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында қайғылы жол апаты болды. Жеңіл көлік үй маңында ойнап жүрген 6 баланы қағып кеткен. Өкінішке қарай 3 бала оқиға орнында қаза тапты. Қалған балалар түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген еді. Жүргізуші екі ай қамауға алынып, полиция жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғады.
Азамат Бейбітұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
