Елімізде 1 млн 700 мыңнан астам адамның қан қысымы бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Елімізде 1 млн 700 мыңнан астам адамның қан қысымы бар

Елімізде 1 млн 700 мыңнан астам адамның қан қысымы бар

Елімізде 1 млн 700 мыңнан астам адам қан қысымы ауруларымен диспансерлік есепте тұр. Оның 64 пайызы, яғни 1 млн 135 мыңы – қыз-келіншек. Қан қысымы көтерілетіндер арасында артериялық гипертонияға шалдыққандар көп. Дерттің бұл түрі инсульт пен инфаркт қаупін арттырады. Қала берді бүйрекке зақым келтіріп, көздің көру қабілетін де нашарлатады.

Гүлмира Сәбдікенованың артериялық гипертанияға шалдыққанына 10 жылға жуықтаған. Бір апта бұрын қан қысымы көтеріліп, өзін нашар сезінген. Содан дәрігерге қаралып, ем-дом алуды шешкен. Қазір ол күтімін келістіріп, ас-ауқатына да мұқият қараймын дейді.

Гүлмира Сәбдікенова, Алматы тұрғыны:

Қан қысымы көтерілгеннен бастап, ащы заттарды, тәтті тамақтарды, майлы тамақтарды жемейтін болдым. Көп жүретін болдым.

Дәрігерлер бұл дерт жыл санап жасарып келе жатқанына алаңдаулы. Бүгінде 18 бен 39 жас аралығындағы 45 мыңнан астам науқас қан қысымы бойынша диспансерлік есепте тұр. Мамандар әр адам медициналық орталықтан тексерілгені жөн деп кеңес береді.

Сауалнама:

- Жалпы қаралып тұрамын. Жылына 2 рет.
- Жоқ ондай тексерістерден мүлде өтпеймін.
- Кемінде 6 айда бір рет қаралу керек. Қан қысымы қазір өте белең алып тұр.

Дәрігерлердің айтуынша, әсіресе жүктілік кезінде қан қысымына мән беру керек. Себебі ол ұрық өсуін баяулатады. Мерзімінен ерте босануына да сеп болуы мүмкін.

Айнұр Оңғарбай, кардиолог:

Ол үлкен қауіп. Ана өліміне де, бала өліміне де алып келуі мүмкін. Жүктілікті болжамас бұрын міндетті түрде қан қысымын тексеріп, профилактикалық скриннингтерге барып отыру керек.

Қан қысымы ауруларының пайда болуы өмір салтына байланысты. Қимыл-қозғалыстың аздығы, тұзды, майлы тағамдарды жиі тұтыну артериялық гипертонияны тудырады. Сондықтан дәрігерлер медициналық орталықтарда скринингтен өтуге кеңес береді. Бұл қызмет тегін жүзеге асады.

Нұрдәулет Сыздық


Автор
Редакция
Бөлісу