Бестерек ауылында көлік апатынан жарақат алған балалардың жағдайы ауыр
Бестерек ауылында болған көлік апатында екі отбасы кішкентай бүлдіршіндерінен айырылып қалды. Ауыр жарақаттан көз жұмған балалардың кішісі екіде, үлкені сегіз жаста. Ажал құшқан екі қыз ата-әжесінің үйіне қыдырып келген. Ал ауыр жарақат алған тағы бір бала аудандық ауруханада жатыр. Оқиға орнынан әріптесім Ержан Жақып хабарлайды.
Ержан Жақып, тілші:
Бестерек ауылындағы қайғылы жағдай дәл осы үйдің жанында болған. Шамамен 10 метр жерде кетіп бара жатқан көлік жолдан шығып кетіп, ауланың ішінде алаңсыз ойнап отырған алты баланы қаққан. Мына темір қақпаның майысқанынан-ақ соққының қаншалықты ауыр болғанын көруге болады.
Оқиғаны көзбен көргендердің айтуынша, құтқарушылар көлік астында қалған балаларды әрең алып шыққан. Екі қыз бала сол жерде қаза тапса, тағы бір қыз емханаға жетпей жан тапсырған. Куәгерлер жүргізуші көлік басқарып келе жатқанда талмасы ұстап қалған дейді.
Ерболат Сүйгенбаев, ауыл тұрғыны:
Талма ауруы бар. Талып қалған. Қақпаның жанында жүрген бір қызды қаққан. Одан кейін қақпаны қаққан. Қақпаның ішінде балалар отырған. Таптап өте шыққан. Сол дөңгелекке екі бала қыстырылып қалған.
Сабыржан Ақылбаев, ауыл тұрғыны:
Қатты соғылған дыбыс естілді. Жан-жақтан көршілер жүгіріп бара жатыр екен. Мен де бардым. Қорғанның ішінде, қоршаудың ішінде отырған балалар ғой.
Қазір ауыр жарақат алып Астанаға санавиациямен жеткізілген екі баладан бөлек, аудандық ауруханада 9 жасар қыз өмір мен өлімнің арасында жатыр. Жағдайы өте ауыр дейді, мамандар. Күрделі ота жасалған. Бала әлі есін жиған жоқ.
Сапарбек Сейітбеков, дәрігер-нейрохирург:
Шамамен әрбір ота екі сағатқа жалғасты. Бірінші ота ішкі ағзаға байланысты. Бауыр, ішек зақымдануына байланысы, қан құйылған. Екіншісі жарақаттан кейін бас миы ісінген. Соған байланысты қатты қауіп төніп тұр деп айтуға болады. Өйткені жарақаттары өте күрделі. Өте ауыр.
Ал жол апатына себепші болған азамат 2 айға қамауға алынды. 55 жастағы күдікті сол ауылдың тумасы. Ол 20 жыл автобус тізгіндеген тәжірибелі жүргізуші болған. Қазір оқиғаның себебі анықталып, тергеу жүргізіліп жатыр. Ал зардап шеккен отбасыларға облыстық әкімшілік жан-жақты қолдау көрсетуде.
Ақылбек Башымбаев, Үржар ауданының әкімі:
Зардап шеккен отбасына барлық көмек көрсетіліп жатыр. Балаларға ем шаралары атқарылды. Қазіргі таңда жерлеу рәсіміне қаржылай көмек көрсетеміз. Психологтар кешеден бері жанұяға көмек көрсетті. Осы жұмыстарды атқарып отырмыз. Облыс әкімінің бақылауында.
Медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша жүргізуші есірткі мен ішімдік қолданбағаны белгілі болды. Бірнеше бүлдіршіннің өмірін әп сәтте алыл кеткен оқиғаны тергеуді ІІМ бақылауына алған.
Ержан Жақып
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
