Елімізде жұмысшы мамандықтарына сұраныс артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Елімізде жұмысшы мамандықтарына сұраныс артты

Елімізде жұмысшы мамандықтарына сұраныс артты

Елде жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс артқан. Еңбек биржасында жарияланған 105 мыңға жуық вакансияның жартысына жуығы қол күшін қажетсінетін біліктілігі жоқ мамандарға арналған. Орташа білікті кәсіп иелерін іздеушілер де аз емес. Бұл жаз маусымына тән тенденция дейді мамандар.

53 жастағы астаналық Шағбан Танбайқызы бес жылдан бері жұмыстан қол үзіп қалған. Енді қайта қатарға қосылғысы келеді. Ата кәсібі – іс тігу. Осы саладан жұмыс бұйырса дейді.

Шағбан Танбайқызы, Астана қаласының тұрғыны:

Көзіме түскені – тігіншілік. Негізгі мамандығым басқа болғанымен, қолөнерден қол үзген емеспін. Балаларға көрпеше, киімдер тігіп, тоқимын. Мұны анамыздан жалғасқан мұра деуге болады.

Жаз айларында жұмыс іздеушілер көбейетіні дәстүрге айналған. Мәселен, Enbek.kz сайтына тіркелген түйіндемелердің саны 148 мыңға жеткен. Ол өткен айдан гөрі 34% артық. Ал бос жұмыс орындарының ішінде қол еңбегін қажетсінетін мамандықтарға сұраныс көбірек. Қазір платформада 105 мыңдай хабарландыру тұр. Оның жартысына жуығы – 42% астамы біліктілігі жоқ жұмысшыларға қатысты. Тағы 26%-ы орташа білікті еңбеккерлерге деген сұраныс.

Мадияр Алдияров, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы әлеуметтік-еңбек саласын талдау басқармасының бас сарапшысы:

Бұл сезондық факторға сәйкес келеді. Жазда біліктілігі жоқ мамандарға қатысты сұраныс жоғарылай түседі. Ол – а/ш жұмыстары, жол жұмыстары, құрылыс маңайындағы түрлі жұмыстар. Бұл қалыпты жағдай. Сонымен қатар, ЖОО бітіріп түйіндемесін тіркеп, жұмыс іздеп жатқандардың саны артады.

Жұмысшы мамандықтарына сұраныс Астанада да көп. Қазір қаланың еңбек биржасында 6 мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Соның жартысынан көбі қарапайым еңбеккерлерге арналған вакансия.

Олжас Омар, Астана қаласы Еңбек мобильділігі орталығының директоры:

Бізге қазір құрылысшылар, монтажшылар, дәнекерлеушілер сияқты мамандар қажет. Индустриалдық парк аумағында ірі зауыттар мен өндіріс орындары жұмыс істеп тұр. Соларға сұраныстағы мамандар керек. Орташа жалақы 250–300 мың теңге, ал кейбір жұмыс орындарында 500 мың теңгеге дейін жетеді.

Статистика бюросының мәліметінше, елде екі қолға бір күрек таппай жүргендер саны сәл азайған. Осы жылдың екінші тоқсанында 449 мыңдай жұмыссыз тіркеліпті. Бірінші тоқсанда олардың саны 451 мыңнан асып жығылып еді.

Данияр Қайыртай

Бөлісу