Атырау облысында 300 орындық балабақшаның төбесі құлауға шақ тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Атырау облысында 300 орындық балабақшаның төбесі құлауға шақ тұр

Атырау облысында 300 орындық балабақшаның төбесі құлауға шақ тұр

Атырау облысының Индер ауданында 320 орындық Балдәурен балабақшасының төбесі құлауға шақ тұр. Сонау 90 жылы салынған бөбекжайға осы уақытқа дейін бірде-бір рет күрделі жөндеу жасалмаған. Жергілікті билік ғимаратты апатты деп танымағанымен, тозығы жеткен балабақша балалар үшін аса қауіпті дейді мұндағы мамандар. Рет-ретімен әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт баяндайды.

Индербор кентінің тұрғыны Ақсана Сансызбаева ұлын осы балабақшаға әкеледі. Көпбалалы ана үшін үйіне жақын, ыңғайлы бөбекжай осы. Бірақ балабақшаның қазіргі күйі ата-аналар мен тәрбиешілерді алаңдатып отыр.

Ақсана Сансызбаева, Индербор кентінің тұрғыны:

Ата-ананың тілегі балаларымызды әдемі, көркем жерде ойнап, өскенін қалаймыз. Көріп тұрғандарыңыздай ғимарат күрделі жөндеуді талап етіп тұр.

Ғимарат салынғалы мұнда ешқандай күрделі жөндеу жасалмаған, тек 2017 жылы төбесінен су кеткеннен кейін шатыры ауыстырылып, сырты қапталған. Алайда жұмыс сапасыз істелгендіктен, шатырынан әлі су кетеді. Тоқ желілері де ашық-шашық жатыр.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Уақыт өте бәрі бүліне бастаған. Мәселен, мынау ас үйдегі кафельдердің барлығы құлаған. Тәрбиешілер осылай бетіне қағаз жапсырып қойған. Ал мынау бөбектердің баратын әжетханасы. Сонау 90 жылдардағы күйінде тұр. Құбырлар ескіргендіктен кәріз жүйесі үнемі бітеледі.

Терезе де ашылып-жабылудан қалған. Қыстыгүні тесік жерлерін осылай жамап қояды. Ал екінші қабаттағы бөлмелердің жағдайы мүлдем нашар. Төбелері құлауға шақ тұр. Жел тұрып, жаңбыр жауған сайын балалар үшін қауіпті дейді, мамандар.

Наталий Самарцева, бала күтуші:

Бұл жерден өзім де өткенде қорқамын. Балаларға мүлдем қауіпті. Осылай тұрғанына 3 жылдан асты. Тездетіп жөндемесе құлайтын түрі бар.

Жанар Нұрманова, балабақша меңгерушісі:

Ең бірінші жердің мәселесін шешіп алуым керек. Содан кейін күрделі жөндеу өте қажет. Іштің де, сырттың да жағдайы жөндеуді қажет етіп отыр.

Балабақшада жалпы 14 топ бар. Қазір демалыс уақытына байланысты тек 100 шақты бала келіп жүр. Енді он күннен кейін балабақша бір мезетте 300-ден аса бала қабылдайды.

Артур Мурзин, Индер ауданы әкімінің орынбасары:

Енді жер бөлу процесі осы тамыз айында аяқталатын шығар. Содан соң қайтадан мемлекеттік сараптамаға жолдаймыз. Бірақ оның белгіленген уақыты бар. Қазан айына дейін бұл жұмыстарды бітірсек ары қарай облыс әкімдігінен қаржы бөлу жөнінде бюджеттік өтінім жолдаймыз.

Облыста дәл осындай күрделі жөндеуді қажет ететін 5 балабақша бар. Оның барлығы қазір жаңартылып жатыр деп сендірді жауаптылар. Ал кезекте тұрған 5 мың баланы толықтай бөбекжаймен қамту үшін өңірде 5 балабақшаның құрылысы басталды.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Автор
Редакция
Бөлісу