Жаңа тәртіп: Несиені кейінге шегеруге болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Жаңа тәртіп: Несиені кейінге шегеруге болады

Жаңа тәртіп: Несиені кейінге шегеруге болады

Енді ай сайынғы несие төлемін 3 ай кейінге қалдыруға мүмкіндік беріледі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, бұл жеңілдік табысынан айырылғанын немесе кірісі азайғанын тиісті құжатпен растаған жағдайда ғана беріледі. Жаңа тәртіп бойынша қарыз алушы арнайы бекітілген нұсқа арқылы өтініш жазып, тұрмыс жағдайының қиындағанын растайтын құжаттарын тапсыруы қажет. Ал банк немесе микро қаржы ұйымы оны 15 күн ішінде қарауы тиіс. Бұл - әлеуметтік осал топтағы азаматтар, төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындар мен кәсіпкерлерге ғана қатысты. Осыған дейін елімізде несие төлемін кейінге шегеру туралы нақты әрі міндетті мұндай тәртіп болмаған. Тұтынушылар банкке немесе микро қаржы ұйымына жағдайын айтып өтініш бергенімен, шешім шығару ұйым құзіретінде болған. Енді жаңа талапқа сай өтінішіңіз уақытылы қаралмаса, жауапты мекемелерге шағымдана аласыз. Ереже тамыздың 31-інен бастап күшіне енеді.

Ғаділбек Әкім, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының бас маманы:

Несиені шегергілеріңіз келсе алдын-ала қимылдаған жөн. Көп созбай омбудсмендерге шығу керек. Одан шешім болмай жатса, әрине, қаржы нарығын қадағалау агенттігіне ресми түрде Е-Өтініш арқылы немесе аймақтық өкілдерге немесе орталық аппаратқа келіп, арыз жазуыңызға болады.

Қуан Нұрақын

Автор
Редакция
Бөлісу