Әлемнің бірнеше елі табиғи апаттардан зардап шегіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Әлемнің бірнеше елі табиғи апаттардан зардап шегіп жатыр

Әлемнің бірнеше елі табиғи апаттардан зардап шегіп жатыр

Бүгін Азияның бірнеше елінде жауын құйып, су тасып жатыр. Миллиондаған адам зардап шегіп, ондаған тұрғын қаза тапты. Ал Еуропа мен Африканың солтүстігінде орман алқаптарын шарпыған жалын өрт сөндірушілерге дес берер емес. Табиғи апат жайлаған елдердегі ахуалға Арыстан Рысбек шолу жасайды.

Жапонияның солтүстігінде төпелеп жауған жаңбыр алапат тасқынға ұласты. Әсіресе Акита префектурасындағы жағдай қиын. Мұнда өзендер арнасынан асып, Сембоку қаласында халыққа қауіпсіз жерге көшуге кеңес берілді. Құрбандар туралы мәлімет түскен жоқ. Бірақ 28 тұрғын топан судың ортасында қалып қойған. «Эн-эйч-кей» телекомпаниясының хабарлауынша, оларға көмекке құтқарушылар жіберілді. Ал «Ниппон» арнасының дерегінше, Казуно және Китакита қалаларында да эвакуация жарияланып, пойыздар уақытша тоқтады.

Су апаты Үндістанға да көп зардап әкелді. Оның батысындағы Махараштра штатында төрт адам қаза тапқан. Ал осы мемлекеттің қаржылық астанасы Мумбайда тасқыннан миллиондаған адам жапа шекті. Және де шамамен 50 әуе сапары доғарылып, теміржолдағы қатынас сап тиылған. Талай үй құлап, халық көшеге шығып кетті. Жалпы алғанда, кейінгі төрт күнде бұл штатта жаңбырмен, тасқынмен байланысты апаттардан 21 адамның өмірі қиылыпты.

Көршілес Пәкістанның Карачиінде де осыған ұқсас ахуал. Бұнда су көтеріліп, көшелер өзенге айналуға жақын. Ал Хайбер-Пахтунхва провинциясында тасқыннан қаза тапқандар саны 400-ге жуықтап қалған.

Еуропаның оңтүстігінде соңғы жиырма жылдағы ең алапат орман өрті дес берер емес. Португалияда лапылдаған жалынды сөндіру әзірге мүмкін болмай тұр.

Ал Испанияда бірнеше өрт ошағы анықталды. Тілсіз жау бұл корольдіктің Галисия, Эстремадура және Кастилия-Леон аймақтарын шарпыған.

Дүйсенбіден бері Испанияда 38 мың гектардан астам алқап өртеніп кетті. Осыған орай пойыздар тоқтап, автокөлік жолдарында да шектеу қойылды. Өрттің күшеюіне аптап ыстық себепші. Дегенмен, метеорологтардың болжамынша,алдағы күндері мұнда ауа температурасы төмендеп, ылғал мөлшері жоғарылауы мүмкін.

Еуропадан Африканың солтүстігіне ойыссақ. Мына кадрлар Алжирде түсірілді. Оның солтүстік-шығысындағы бірнеше провинцияда орман алқаптары осы аптаның басында жана бастады. Оны сөндіруге аптап ыстық пен қуаңшылық үлкен кедергі жасап жатыр.

Арыстан Рысбек 

Автор
Редакция
Бөлісу