Маралды көлінде артемия-салина құртын заңсыз аулағандар мен құқық қорғаушылар арасында қақтығыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Маралды көлінде артемия-салина құртын заңсыз аулағандар мен құқық қорғаушылар арасында қақтығыс болды

Маралды көлінде артемия-салина құртын заңсыз аулағандар мен құқық қорғаушылар арасында қақтығыс болды

Павлодар облысы, Шарбақты ауданына қарасты Маралды көлінің  жағасында атыс болды. Сол маңдағы Жылыбұлақ ауылының 5 тұрғыны жарақат алған.  Травматикалық қару қолданғандар сол көлге қойылған күзет фирмасының  қызметкерлері екен. Айта кету керек, осыдан екі апта бұрын жергілікті тұрғындар мен  көлдегі күзетшілер арасында төбелес болып, полиция араласқан соң барып тынышталған еді.  Әбден ушығып, қару қолданылғаннан кейін, мәселенің анық-қанығын білу үшін  Нұр-Сұлтан қаласынан Павлодарға Ішкі істер министрлігінің арнайы өкілі барды.

Көлдегі күзет алдымен осы адамды ұстайды. Тұзды судағы «артемия салина» деп аталатын құртты сүздің деп айып тағады. Бірақ жергілікті тұрғын мойындамайды.  Күзетшілер ұрып-соғады. Травматикалық тапаншамен атады. Сосын босатып ауылына жібереді. Кешқұрым көл басына Жылыбұлақ ауылының тұрғындары  келеді. Айғай-шу басталады. Бірақ төбелес болмаған. Күзетшілер қару қолданып 5 бірдей жігітті жаралайды.

Айман Жабайханова, Жылыбұлақ ауылының тұрғыны:

Мына көлікке күзетшілер екі жерден тапаншамен атқан. Одан екі рет дубинкамен соққан. Одан менің баламды ұрып, кеше ауруханаға барып, міне, балам жаңа ғана келді. Кешеден бері көрген жоқпын баламды. Жаңа ғана көріп тұрмын. Ұрып, денесін бәрін көгала қойдай қылған.

Күндіз басталып, қараңғы түскенше жалғасқан кикілжің ішінде полиция қызметкерлері де бар. Бірақ оқ атқандарды  ұстамаған. Аудандық бөлімге апармапты. 

Баясхан Қаракесеков, Жылыбұлақ ауылының тұрғыны:

Осындай тыныштық заманда атып тастаған. Кінәлі болған күнде оларды алып барып, заңды түрде жауап алуы керек еді. Бұлар өз кінәләрін біле тұра, оны бүркемелеу үшін ұрып-соғып далаға тастап кеткен. Үкіметтің адамдары болған күнде, ол өзі жауапты алуы керек еді онда барып. Үкіметтік заңды түрде.

Дерекке қарағанда кеуделерін резенке оқ тескен бес адам дәрігерлік тексеруден өтіп, полицияға арыз берген. Бүгін Жылыбұлақ ауылына облыстық полиция департаментінің бастығы Амантай  Әубәкіров пен Ішкі істер министрілігінің арнайы өкілі келді. Тұрғындармен кездесіп, оқиғаның анық-қанығын білген соң кінәлілер заңды түрде жауапқа тартылады деп уәде берді.

Мұратжан Шакеров, Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары:

Жеке меншік күзет мекемесіне қатысты қылмыстық заңның 252 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Яғни өз өкілеттіліктерін асыра пайдаланып, травматикалық қару қолданғандары үшін айыпталады. Ал күш қолданбақ болған жергілікті тұрғындар 389 бап бойынша жауапқа тартылады.

Жергілікті жұрттың да, көлге келген инвестордың да қызғыштай қорып жүргені «артемия салина» атты су жәндігі. Қазір қара нарықтағы бағасы шарықтап тұр. Бұл құртты бей-берекет аулау экологиялық апатқа әкелуі мүмкін. Оның үстіне Жылыбұлақ ауылы маңындағы тұзды көлдің құрамы ерекше. Білетіндер: «батпағының өзі емдік минералдарға бай»,-дейді.  Ал құрт аулауға ешкімге квота берілмепті. Бұны облыстық полиция департаментінің бастығы жария етті.  Соған қарамастан сұғанақ көз Мұзафар Әлімбаев ағамыз әнге қосқан Маралды көлінің мазасын кетіріп тұр.

Болат АМАНБАЕВ

 

Автор
Редакция
Бөлісу